424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда 90 отбасы баспаналы болды

  • 307
  • UPD: 22:04, 04.06.2020

Пәтер кілттері арнайы Рәміздер күні табысталып, жұртқа мерекелік тарту жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын үйлердің табалдырығын алғашқы болып әлеуметтік аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандар аттады. Бұл жолы «Арай 2» ықшам ауданындағы жаңа көпқабатты үйлер ел игілігіне берілді.

Рәміздер күні баспаналы болып, қоныс тойын тойлағандардың қатарында Азамат Әлмереков та бар. Мәдениет саласының қызметкері бұл күнді 11 жылдан астам уақыт күткен. Ол бұған дейін отбасымен жалдамалы пәтерде тұрып келіпті.

Азамат Әлмереков, қала тұрғыны:

– Кезекке тұрғанымызға біраз жыл болды. Сөйтіп, бүгін міне жанұямызбен қол жеткізіп жатырмыз. Аллаға шүкір! Қуанышымызда шек жоқ.

Сондай-ақ пәтер кілттері жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен ауған соғысы ардагерлеріне берілді. Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Пәтер кезегі жеткен азаматтарға үлестірілді.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

– Биылғы жылғы жоспарымыз – Тараз қаласында ең кем дегенде 53 үй салу. Сонда ең кем дегенде 4 мың тараздық пәтерге ие болады.

Сонымен қатар биыл кезекте тұрған 1100 әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасын баспанамен қамту жоспарда. Қазір бұл бағыттағы тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал жалпы өңірде 32 мыңдай адам пәтер кезегінде тұр. Оның 19 мыңға жуығы Тараз қаласында тіркелген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы