430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда «Менің туым тереземде» акциясы өтті

  • 317
  • UPD: 20:34, 04.06.2020

Ұлт нышандарын ұлықтау мақсатында «Менің туым тереземде» атты ерекше акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодарлық оқушылар көк байрағымыз бейнеленген суретті терезелеріне жабыстырды. Төртінші тоқсанды үйде отырып аяқтаған оқушылар Рәміздер күнін ерекше атап өтті. Бүлдіршіндер патриоттық шараға қуана қатысты. 

Бұл Мақсат пен Дильназ Өсербай. Олар қаладағы №29 мектепте оқиды. Мақсат екінші, қарындасы Дильназ бірінші сыныпты аяқтады. Екеуі де – оқу үздіктері. Ағасы жүзумен айналысса, қарындасы шахмат үйірмесіне барады. Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған қалалық акцияға ерекше қызығушылықпен қатысты. Балалар көк тудың суретін ешкімнің көмегінсіз, өздері салып шықты. 

Зайда Рақымжанова, қала тұрғыны:

– Тудың суретін салуды өздері біледі екен. Өйткені мемлекеттік рәміздерге байланысты мектепте де әртүрлі шараларға қатысып отырады.

Акцияға қатысушы Ксения Мокрецова төртінші сыныпқа көшті. Оқу озаты спорттық акробатикадан облыс намысын қорғап жүр. Жаттығуларын карантин кезінде де тоқтатпапты. Үлкен ағасы хоккейші. Қазақстанның туы желбіреп, әнұраны айтылатын барлық байрақты бәсекені спортшылар қалт жібермей көреді.  

Ксения Мокрецова, оқушы:

– Ту – Қазақстанның символы. Ол біздің мақтанышымыз. Бізге тудың суретін салып, терезеге жапсыру керек деді. Жүрегімді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Менің туымды бәрі көретін болды.

Ерекше акцияға қолдау бірдіргендер өте көп. Балалар көк байрақтың суретін салуды бір күн бұрын қолға алды. Оны көрген үлкендер де қарап қалмады. Назарбаев даңғылындағы 32 үйдің қабырғалары мемлекеттік рәміздермен безендірілді. 

Людмила Кондратьева, қала тұрғыны:

– Біз барлық мерекені тойлаймыз. Жаз мезгілінің аяқталғанын да атап өтеміз. Бұл мерекені де назардан тыс қалдырмаймыз.

Бүгін таңертең Қазақстанның туы қаладағы барлық үйлердің терезелерінен көрінді. Акция туралы естіген балалар қолдарына қарындаш пен бояу алған. Сарыарқа мөлтек ауданына көп балалы отбасылар көптеп қоныстанған. Енді бұл ауданда 600 орындық мектеп құрылысы  басталады.

Жанар Тәжікова, қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Біздің акциямыз қоғамдық сипатқа ие болды. Ата-аналар тарапынан зор қолдау тапты. Бүтіндей бір үйдің тұрғындары атсалысып жатыр. Осылайша қала тұрғындары жоғары азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Отанға деген сүйіспеншіліктерін байқатты.

Павлодарда шамамен 4 мыңдай оқушы көк тудың суретін салды. Қалалық әкімдің «Nur Otan» партиясының филиалымен бірге қала тұрғындары мен кәсіпорын еңбеккерлерін «Менің Қазақстаным» акциясына қатысуға шақырды. Еліміздің әнұраны бір мезетте шырқалды.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы