412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда кәсіпорындарға қойылатын экологиялық талап күшейтілді

  • 115
  • UPD: 20:30, 05.06.2020

Павлодарда экология мәселесі күйіп тұр. Ауаның ластану деңгейі жоғарылап кеткен. Жағдай ушыққан соң өңірде кәсіпорындарға талап күшейтілді.

Қазір Ақсудағы ферроқорытпа зауыты газ тарату технологиясын қолдануға көшті. Олар сүзгілерін жаппай ауыстырып жатыр.  

Газ тазарту кешенінің құрылысы Ақсудың ферроқорытпа зауытындағы басымды бағыттардың бірі. Жыл сайын кәсіпорын жаңа тазарту технологияларын іске қосады. Жуырда  бірінші балқыту цехының газ тазарту қондырғыларына заманауи сүзгілер орнатылды. Келешекте агломерациялық цехтағы тағы екі пешті қамтамасыз ету межесі тұр. Жаңа сүзгілердің ауаға  бөлінетін зиянды қалдықтарды ұстап қалу көрсеткіші 99,5 процентке барады.

Құмарбек Сейтқазин, жөндеу цехының басшысы:

- Қуаттылығы жоғары қондырғылардың алынып жатқанын айта кету керек. Осының арқасында пештен бөлінетін газды ұстап қалу деңгейі артты. Бұған дейін қолданыста болған сүзгілерден айырмашылығы да сонда жатыр. Өндімділігі екі есе жоғары. Ол қондырғылардың,  жұмыс істеу ұзақтығына да оң әсер етеді. Біз төрт жылда 99 процент тиімділікке қол жеткіземіз.

Ескірген құрылғылардың орнын  заманауи газ тазартқыш  сүзгілер  алмастырып жатыр. Сапалы сүзгілер жылына 20 мың тонна шаң-тозаңды ұстап қалады. Оларды ауыстыру пештерді профилактикалық жөндеуден өткізу кезінде жүргізіледі. Кәсіпорын қазір экологиялық бақылаудың автоматтандырылған мониторингтік жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Демек, кез келген қала тұрғыны зауыттың  атмосфералық ахуалын тексере  алады.

Виктор Головко, қоршаған ортаны қорғау бөлімі басшысының орынбасары:

- Ақсу қаласына жақын жерде автоматтандырылған кешенді орналастыру көзделген. Ол онлайн режимде ауаның атмосфералық жағдайына мониторинг жүргізіп тұрады. Бүкпесіз, ашық ақпарат беріледі. Экологиялық бекет бәріне қолжетімді болмақ.

Қоршаған ортаға кері әсері тиетін зиянды қалдықтардың көлемін азайтуға шлак өңдеу бағдарламасының да берері мол. 2021 жылы жаңа Экологиялық Кодекс шеңберінде өндірістік қалдықтарға байланысты талап күшейеді. Осы орайда зауыт металл қалдықтарын  тереңдетіп  өңдеу технологиясын енгізген. Бір сөзбен айтқанда кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істеуше көшеді.

Александр Кошелев, қалдық өңдеу цехының басшысы:

- Біз өндірістен жиналатын барлық күлді өңдеуден өткіземіз. Бұрынғыдай үйіліп жатпайды. 2019 жылы оның көлемі  960 мың тоннаға жетті. Қалдықтан феррохром, шағыл металл концентраттары  алынады.

Келешекте шлак өңделетін цехтың екінші кезегі  салынады. Онда марганец қалдықтары өңделмек. Бұл тауарлы марганец ферроқорытпалары.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы