419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды

  • 581
  • UPD: 11:10, 08.06.2020
Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды tengrinews.kz

Еліміздің агроөнеркәсіп саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының баспасөз қызметіні сілтеме жасап.

Жаңа сақтандыру жүйесінің операторы «ҚазАгро» холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. 2004 жылдан бері Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келген болатын. Ал мына жаңа жүйе одан басқаша болмақ. «Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті түрде болады. Екіншіден, салаларға шектеу жоқ. Аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады. Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50% мемлекет субсидиялайды. Ол үшін биыл республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді» делінген хабарламада.

Жаңа жүйені әзірлеу кезінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың проблемалық мәселелері ескерілді. «Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарушы директоры – басқарма мүшесі Асқар Қалиев.

Жаңа жүйеде әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шарт жасасудан бастап төлеммен аяқталатын барлық рәсімдер электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz электронды платформасында жүргізіледі. Процестерді автоматтандыру адами факторды азайтады және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. «Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры топырақтағы ылғалдың индексіне негізделген сақтандыру өнімдерін бекітті. Сақтандыруға жататын дәнді дақылдар бидай, арпа, сұлы, жүгері. Ал майлы дақылдар күнбағыс, рапс, зығыр өнімдері. Мониторингті жүзеге асыру үшін ақпарат Жерді қашықтан зондтау көздерінен алынады. Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және сақтандыру жағдайыныңдеректері автоматты түрде тіркеледі», – дейді Асқар Қалиев.

Сақтандыру жағдайы туындағаны туралы Qoldau.kz жүйесіндегі жеке кабинетіне немесе жеке электронды поштасына келген хабарламаны алғаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші төлем жасайтын сақтандыру компаниясына өтініш береді. Бұрынғы жүйедегі алынған деректер бойынша сақтандыруға қатысты жағдайлардың 60% астамы құрғақшылыққа қатысты болды. Осыған байланысты өнімді құрғақшылықтан сақтандыру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ, егіс науқанының аяқталу мерзімі де ескеріледі. Ылғалдың жетіспеу қаупінен сақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл 15 маусымға дейін сақтандыру шартын жасасуы қажет. Сақтандыру кезеңі 3 айды қамтиды. Яғни,15 мамырдан 15 тамызға дейінгі аралық есепке алынады. Ылғалдың шамадан тыс болуына қатысты сақтандыру келісімшартын 15 тамызға дейін бекіту қажет. Сақтандыру 2020 жылдың 15 тамызынан 15 қыркүйегіне дейінгі аралықта жүргізіледі. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтіледі.

Хабар 24 телеарнасы