418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорданың іргесіндегі ауыл жұрты күл-қоқыстың иісіне тұншығып жатыр

  • 184
  • UPD: 19:55, 09.06.2020

Әңгіме Төңкеріс ауылы жайында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бозайғыр ауылдық округіне қарасты бұл елді мекенде қоқыстан өзге де мәселе көп.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

Ауылдықтардың негізгі проблемасы мынада. Мына менің артымдағы Төңкеріс ауылы. Ал, ауылдан небәрі 200 метр жерде күл-қоқыс үйіліп жатыр. Ауылдықтардың айтуынша, жан-жақтағы елді мекендерден, тіпті елорданың өзінен жүк көліктері келіп, осы жерге қоқысты аудара салады екен. Шамамен бір гектардай алқап осындай қоқысқа үйілген. Және жел болған күндері қоқыс ұшып, ауылдың ішіне кіреді.

Әсіресе, ауылдың шетінде тұратындарға қиын болды. «Бау-бақша сала алмай отырмыз», дейді. Қоқыстың жағымсыз иісі тағы бар. Ең сорақысы, айналада мал мен жануарлардың өлексесі толып жатыр. Әкелгендер оны көміп те кетпейді.

«Сырттан қоқыс әкеліп төгетіндерді ұстау мүмкін емес», - дейді тұрғындар. Тас жолмен өтіп бара жатқан кез келген көлік тұрмыстық қалдық толы қапшықтарды тастай салады. Жергілікті әкімдікке бірнеше рет шағымданған. Алайда, қоқыс алаңының жан-жағына құм үйгеннен басқа ештеңе істелмеген. Тұрғындар қоқыс полигонының қоршалып, бақылауға алынғанын қалайды.

Елена Платнер, ауыл тұрғыны:

Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Мынау деген сұмдық қой. Жан-жағында қоршау жоқ. Кез келген жерге төге салады. Жел болған күні сыртқа шығудан қалдық. Біздің үй ауылдың шетінде тұр. Жағымсыз иістен тұншыға жаздаймыз. Үйімнің ауласына ұшып барған қоқысты жинаймын да жүремін. Бұл жерде болашақта үлкен полигон болады деп естідік. Ауыл әкімі халықтың 90%-і қарсы емес деген. Бұл жалған ақпарат. Бізден ешкім сұраған жоқ.

Александр Грудачев, ауыл тұрғыны:

- Біз бұл қоқыс алаңының болғанына қарсымыз. Малдың өлексесін әкеліп, тастап кетеді. Балаларға обал болды. Соңғы жылдары ауыл тозып кетті. 5 жыл болды ауылда экологиялық проблема өзекті болып тұр. Ауыл әкіміне күнде айтамыз.

Ауыл әкімі орнында болмай шықты. Әкімдіктің бас маманы «күл-қоқысты халықтың өзі төгеді» деген уәж айтты. Жалпы  ол аумақ иесіз екен. Сондықтан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жұмыс істейтін мекеме іздеп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Ең қызығы, әкімдіктің құжатында қоқыс алаңы ауылдан 2 шақырым қашықтықта деп көрсетілген.

Сайрангүл Таукеев, Бозайғыр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Бір жылдай иесі болмаса, бір жыл өткеннен кейін оны біз құжаттастырамыз ресми түрде. Жылда жиналып тұрады. Жан-жағын үйіп жинадық. Сырттан, елді мекендерден әкелгенін естіген жоқпын, көрген жоқпын.

Мұндайда ең оңай жауап осы. Естіген жоқпын. Көрген жоқпын. Дегенмен, ауылдың жанында тұрмыстық қалдықтың тау болып үйілгені рас. Елорданың тап іргесіндегі ауылдың бұдан өзге де мәселелері шаш етектен . Автобус жүрмейді. Себебі, жол нашар.

Сәуле Жақыпова, ауыл тұрғыны:

- Көктемде жүру тіпті мүмкін емес. Қалаға бару үшін 3 шақырым жүріп, тасжолға шығамыз. Сол жерден көлік ұстаймыз. Автобус келмейді. Таксидің өзі көктем мен күзде ауылға кірмейді. Жол жаман болғасын, жолақыны қымбат сұрайды.

Сайрангүл Таукеев, Бозайғыр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

- Жол мәселесі бойынша біз қаражат сұрастырғанбыз. Онымен аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысады. Негізі жоспарда. Қазір тендер ойнатып жатыр деген. Бозайғыр ішінде және Төңкеріске дейін көрдіңіз ғой жолды. Сол жұмыстарға күрделі жөндеу жүргізу керек.

Дәл осы ауылдың дәл осы мәселелерін былтыр да айттық. Ол кезде де қаржы бөлінеді деген жауап болды. Атқамінерлер ақша іздеп жатқанда, халық күл-қоқыстың жағымсыз иісіне тұншығып, көз ұшында тұрған елордаға жете алмай қиындық көруде.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Әділғазы Төлемісов

Хабар 24 телеарнасы