429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алдағы жылыту маусымында көмір тапшылығы болмайды ‒ ИИДМ

  • 275
  • UPD: 10:49, 23.06.2020
Алдағы жылыту маусымында көмір тапшылығы болмайды ‒ ИИДМ

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалағымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындық барысын баяндады. 

Министр 2019-2020 жылғы жылыту маусымы тұрақты режимде өткенін айтты. Аталған кезеңде 24 технологиялық бұзушылық болды. Бұл 2018-2019 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 33 жағдайға аз. Барлық технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды. 2020 жылғы қаңтар-мамыр айларында шамамен 44 млн тонна көмір өндірілді. Оның ішінде 24,1 млн тонна энергия өндіруші кәсіпорындарға, 2,7 млн тонна коммуналдық тұрмыстық сектор және халыққа жөнелтілді

Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2019-2020 жылға коммуналдық тұрмыстық қажеттіліктер мен халықтың көмір өніміне деген тұтыну жоспарын жасады. Апта сайын мониторинг жүргізіліп отырды. Көмір тапшылығы болған жоқ.

Әкімдіктердің көмірді ерте сатып алуының арқасында сұраныс күрт артқан кезде де дүрбелең болған жоқ. Өткен жылыту маусымында өңірлерде жеке және заңды тұлғалардың коммуналдық қызметтер алдындағы дебиторлық берешегі 13 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 млн теңгеге көп. (2019 жылы 12 286 млн теңге). Берешегі ең көп өңірлер: Алматы қаласында ‒ 2 млрд 177 млн теңге,  Нұр-Сұлтан қаласында – 1 млрд 928 млн теңге, Шымкент қаласында – 1 млрд 924 млн теңге, Маңғыстау облысында – 1 млрд 525 млн теңге. 

Әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бойынша жүйелі шаралар жүргізіп жатыр (кассалық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша, тұтынушылардың берешегі туралы шот-хабарламаларды тарату бойынша, ескерту туралы хабарламаларды тарату бойынша, кіреберістерде хабарландыруларды ілу бойынша, материалдарды сот органдарына беру бойынша жұмыстар).

2020-2021 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында министрлік әкімдіктерге барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала объектілерін және тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау үшін жұмыс жоспарын жіберді.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлер бойынша ай сайынғы қажеттілікті көрсете отырып, коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа және халыққа арналған көмірдің қажеттілік жоспары жасалды.

Жалпы, жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс. Қыркүйек-қараша айларында дүрлігуді болдырмау үшін әкімдіктермен бірлесіп халыққа арналған көмірді ертерек сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 

Биыл оқу жылы басталғанға дейін 10 мыңдай білім беру объектісін дайындау жоспарланған.

Денсаулық сақтау объектілері мен тұрғын үйлердің дайындығына баса назар аударылады. 6 мыңдай денсаулық сақтау объектісі мен 47 мың тұрғын үйді дайындау жоспарланған.

Халықты жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 10 мыңнан астам автономдық қазандықты, 5 мың шақырым жылумен жабдықтау желісін және 13 мың сумен жабдықтау желісін дайындау керек.

Сондай-ақ автономдық қазандықтарды көмір және мазутпен қамтамасыз ету керек (1 млн 200 мың тоннадан астам көмір және 52 мың тонна мазут).

«Қазақстан темір жолы» көмір разрезінен өңірлердің темір жол тұйықтарына дейін вагондарды уақытында жеткізіп, көмір тасымалын жүзеге асырады.
Көмір дайындау бойынша мониторинг министрліктің тұрақты бақылауында.

Ақпарат көзі: ҚР ИИДМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы