418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген қостанайлықтар құрметке бөленді

  • 192
  • UPD: 21:03, 23.06.2020

«Біз біргеміз» форумы аясында «Халық Алғысы» медалімен полицейлер, дәрігерлер, волонтерлер марапатталды. Олар күндіз-түн демей қауіпті індеттің кең таралуына жол бермей, қиын-қыстау сәтте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау білдірді.

Төтенше жағдай уақытында қауіпті дерттің алдын алу үшін облыс аумағында 53 блокпост орнатылды. 265 полицей тәулік бойы желдің өтінде кезекшілік етті. Жүз мыңдаған көлік пен адамдар тексерілді. Қысқасы тәртіп сақшыларының еңбегі ерен.  

Құрмет Мәжікенов, облыстық жергілікті полиция басқармасының бастығы:

- Көктем кезі болды, күн суық болды. Облыстан алыс блокпосттарда полицейлер палаткаларда тұрып жүрді. Індет басталғалы бері халықтан көп түсініспеушілік болды. 

Дәрігерлерге де дамыл болмады. Облыстық жедел жәрдем станциясының мың жарымнан аса қызметкері алдыңғы шепте жүрді. Кез келген шақыртуға шығып, індетпен иық тіресе күресті десек артық айтпаймыз. 

Ирина Штейгервальд, облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Бастапқыда бізге қиынға соқты. Жеке қорғаныс киімдері жетіспеді.  Коронавируске шалдыққандарға қалай дереу көмек көрсетуді білмедік. Алайда біз бәрін үйреніп, меңгере алдық. Бұған бір де бір қызметкеріміздің кеселді жұқтырып алмауы дәлел. 

Пандемия Дүйсенғали Оспановты бейжай қалдырмады. Арбаға таңылса да екі ай бойы волонтерлыкпен айналысты. Көлік тізгіндеп, мүмкіндігі шектеулі кісілердің үйлеріне дәрі-дәрмек, азық-түлік тасымалдады.

Дүйсенғали Оспанов, волонтёр:

- Карантин уақытында емделемін деген кісілер емханаға жете алмаған жағдайлар болды. Өйткені қоғамдық көліктер тоқтап қалды. Сондықтан біз бүгінгі таңда кезекші көлік қою. Бір кісілер емханаға баратын болса, соларды жеткізу. Болашақта соны пайдаланайық деп отырмыз. 

«Халық Алғысы» медалі аймақтағы 127 адамға табысталды. Олардың дені дәрігерлер, полицейлер және әлеуметтік сала қызметкерлері.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы