429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


А.Балаева ақпарат және идеология бағытындағы жұмыстарды мұқият түсіндірді

  • 227
  • UPD: 21:47, 29.06.2020

Елімізде екі жаңа телеарна ашылады. Бірі ұлы ойшыл Әл-Фарабидің, ал екіншісі кемеңгер ақын Абайдың есімін иемденеді. Қос ғұлама атындағы телевизиялық жобалар ұлттық мәдениетті ұлықтап, ағартушылық бағытта жұмыс істейді.

Биыл отандық медиакеңістік «Абай ТВ» және Әл-Фараби атындағы жаңа телеарналармен толығады. Алғашқысы ертеңнен бастап эфирге шығады. Ал «Әл-Фараби» «Хабар» Агенттігінің базасында күз айларында іске қосылуы тиіс. Ақжолтай жаңалықты бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі жеткізді. Айта кетейік, бұл Аида Балаеваның алғаш рет халыққа есеп беру кездесуі. Сондықтан министр ақпараттық және идеологиялық бағыттағы сала жұмысын егжей-тегжейлі түсіндірді. 

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары экономикалық қиындықтарға ұшырады. Жарнамадан түсетін пайда бір жылдың ішінде 30-дан 60 процентке дейін төмендейді деген болжам бар. Сондықтан пандемия жағдайында БАҚ-ты қолдау шаралары 1 сәуірден 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен міндетті аударымдарды төлеуден босатуды көздейді. Бұған қоса коммерциялық телерадиоарналар үшін 1 шілдеден жыл соңына дейін аналогтық және эфирлік хабар тарату қызметтеріне ақы төленбейді. 

Министрлікте биыл этносаралық қатынастарды реттейтін комитет құрылды. Бұл саладағы мемлекеттік саясат енді өз жемісін беруі тиіс. Себебі жаңа құрылым тек ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде ұлтаралық татулық жобаларын жүзеге асырады. Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Германия, Түркия және АҚШ-та қазақ мәдени-іскерлік үйлері ашылып, қандастарға ана тілі үйретіледі. 

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Елге оралған қандастарымызға 1 терезе қағидасын енгізіп отырмыз. Осының арқасында барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Рәсімдеу уақыты 3 айға дейін қысқартылады. Азаматтық алғысы келетін қандастарға ақпараттық қолдау орталығы құрылып, оған 5 мың өтініш түсті. 

Елде ажырасу жағдайлары жиілеп кетті. 2018 жылы 55 мың, ал 2019 жылы 60 мың отбасының заңды некесі бұзылды. Мәселені түбегейлі шешу үшін жаңа идеялогиялық құрал қажет. Осы мақсатта отбасыларды ресурстық қолдау орталықтары ашылады. 

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы