429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


COVID-19: енді жедел жәрдем бригадалары халықтан тест сынамаларын алады

  • 319
  • UPD: 14:07, 30.06.2020

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

Жауапты сала басшысы диагностикалық зертханалардың мүмкіндігін молайту үшін тамыз айының соңына дейін 20 ПЦР-анализатор сатып алынатынын жеткізді. Сол арқылы Ұлттық сараптама орталығының тесттен өткізу қабілеттілігі 2 жарым есе артуы тиіс. Жедел жәрдем көліктерінің саны да көбейтіледі. Елде қажетті медициналық препараттардың жеткілікті қоры өндіріліп, өңірлерге жеткізу жолға қойылады. Рентген-аппараттар компьютерлік томографиямен бірге COVID-19 емдеудің клиникалық хаттамасына енгізіледі. Бұдан бөлек, ел бойынша 10 мың қосымша төсек-орын дайындалып, 1 мыңға жуық өкпе желдеткіш аппараты сатып алынады.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Халықты тестпен қамтамасыз ету үшін жедел жәрдем бригадалары тест алады. Сынмаларды жинайтын орындар көбейеді. Әр аймақта эпидемиологиялық ахуалға байланысты қажеттілікті анықтап, халықты мейлінше тез тесттен өткізуге кірісеміз. Қазір жедел жәрдем бригадалары отандастарға уақытында көмек көрсете алмай жатыр. Шақыртулар көбейіп кеткен. Сондықтан қосымша 807 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Шетелдегі «Corona-TAXI» тәжірибесін енгізу жайын да қарастырамыз.

Елге дене қызуын түсіретін препараттардың ауқымды партиясы жеткізілді. «Ингавирин» атты дәрінің 70 мың, ал «Терафлю» атты препараттың 40 мың қорабы әкелінді. Енді апта соңына дейін аймақтарға жөнелтіледі. Денсаулық сақтау министрі атап өткендей, қазіргі жағдай «инфекцияның үйде таралуы» деңгейіне өтіп кеткен. Вирус халық арасында кең таралып жатыр. Өкінішке қарай, әрбір отбасы осы вируспен бетпе-бет келді деп айтуға болады. Бүгінде елде 40 мыңдай адам вирус жұқтырған. Осыған байланысты, министр науқастарға үйде медициналық көмек көрсетудің қауіпсіз екенін алға тартады. Бұдан былай, амбулаторлық-емханалық көмек қашықтан жұмыс форматына ауыстырылып, учаскелер деңгейінде шамамен 3 мың мобильді бригада құрылады. Олар емделушілердің үйден ем қабылдауы үшін кеңес беріп, тест сынамаларын алады. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп, қашықтан мониторинг жүргізеді.

Алексей Цой, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Карантин немесе қатаң шектеу шараларын енгізу бойынша бірнеше нұсқа әзірледік. Түпкілікті шешімді жақын арада мемлекеттік комиссия қабылдайды.

Хабар 24 телеарнасы