427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды – Президент

  • 317
  • UPD: 10:06, 02.07.2020
Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында Қазақстан астанасын Арқа төріне көшіру туралы шешімге баға берді.

«Елбасының ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы идеясы Қазақстанның дамуындағы маңызы зор тарихи бетбұрыс болды. Оның елорданы Есілдің жағасынан салу жөніндегі бастамасы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де, әлемдік қа­уым­дастық алдындағы беделіне де айтарлықтай серпіліс әкелді. Бұл еліміздің геосаяси бағытын нығайтуға үлкен үлес қосты. Қазақстанның біртұтас ел ретіндегі дамуын айқындай түсті. Астананы көшіру идеясы елді біріктіруші факторға айналды. Бүгінде елордамыз – халқымыздың мақтанышы һәм сүйікті шаһары. Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Бұл дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіретінін айтып өтті.

Сонымен қатар жаңа астанамыздың әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы баға­сына ие болғанын да еске салды.

«Нұр-Сұлтан қаласы қазір Қазақ елінің ғана емес, әлемдік ой­талқылардың орталығы, халықаралық басқосулардың айтулы алаңы ретінде қа­лыптасты. Астанамызда 2010 жылы ЕҚЫҰ саммиті өтіп, әлем елдерінің басшылары бас қосты. Елорда 2011 жылы Қысқы Азия ойындарын Алматы қаласымен бірлесіп ұйымдастырды. 2017 жылы ЭКСПО ха­лықаралық көрмесі көз алдымызда зор табыспен өтті. Қазақ елі аталған көрмеде әлемдегі өзгермелі жағдайды ескере отырып, баламалы қуат көздерін дамыту туралы бастама көтергені мәлім. Бүгінде бұл бағытта жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізілуде. Осылайша жас мем­лекетіміз Жер шарының табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға және қоршаған ортаны барынша қорғауға өзіндік үлесін қосты. Әлемдегі дәстүрлі діндер мен кон­фессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өтіп келеді. Жаһандық деңгейдегі саясаткерлер Қазақстанның этносаралық татулық үлгісін «Назарбаев моделі» деп атайды. Олар Қазақстанның бұл тараптағы тәжірибесін жіті зерделеп, басқа елдерге таратуға да ықы­ласты болып отыр. Елордамыз Сирия дағ­дарысы бойынша Астана процесі атауымен бітімгершілік миссиясына қызмет етті. Осының бәрі шаһардың шынайы келбетін қалыптастырып, шын мәніндегі бейбітшілік қаласы екенін жаһан жұртына дәлелдей түсті», -  деді Президент.

Хабар 24 телеарнасы