418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бруцеллез деген желеумен бар малымызды құртып жатыр – қостанайлықтардың шағымы

  • 286
  • UPD: 23:55, 15.07.2020

Бруцеллез деген желеумен бар малымызды құртып жатыр. Қостанай облысындағы Белозеров елді мекенінің тұрғындары бізге осылай деп шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы жылда бұл ауылдан жүз бас ірі қара мәжбүрлі түрде етке өткізілген. Қан тексерісі кезінде бруцеллез анықталғанымен, кейін ПТР сараптамасы ол диагнозды жоққа шығарды дейді жергілікті тұрғындар. Сондықтан малдарының нақты ауру екеніне сенімсіздік білдіріп отыр.

Осыған дейін Мельничуктер отбасында бірнеше бас ірі қара бар еді. Ветеринарлар келіп, қорадағы малдарының бәрін бруцеллезге шығарған кезде бір сәтте кедейшіліктің кебін киді.

Николай Мельничук, Белозёр ауылының тұрғыны:

– Мына жерде төрт сиыр тұрған болатын. Биыл көктемде соның бәрін алып кетті. Алдымен екеуін, сосын араға екі ай салып, қалған екеуін тағы құртты. Бітті, мойын жіптері мен шынжырлары ғана қалды. Қора бос.

Үш баласы бар жас отбасы күніне 50 литр сүт тапсырып, нәпақасын тауып отырған. Енді одан да айырылды. Басқа табыс көзі жоқ. 240 мың теңгеге сатып алған қысқы азықтық шөбі де жайына қалды.  

Бұл Белозер ауылы тұрғындарының біразының басындағы жағдай. Әр ауладан бірнеше бас мал мәжбүрлі түрде етке өткізілген. Нақты айтсақ, 100 ірі қараға бруцеллез болуы мүмкін деген диагноз қойылған.

Гүлжан Хасенова, Белозёр ауылының тұрғыны:

– Төрт сиырымды алып кетті. Ешқандай бруцеллез болған жоқ. Ешкім ештеңе берген жоқ. Ең сүтті сиырымыздан айырылып қалдық.

Жергілікті тұрғындар ветеринарлардың әрекетін түсінбей дал. Олар бруцеллез деген ірі қарадан мал сою пунктерінде ауру анықталмайды. Сол себепті анықтама қағаз берілмейді. Ал онсыз мемлекет өтемақы төлемейді.

Ольга Качесова, Белозёр ауылының тұрғыны:

– Инспекция ешқандай анықтама бермейді. Несиеге сиыр алып едім, енді қарызды қалай өтерімді білмеймін. Ең болмағанда бруцеллез екендігін дәлелдейтін құжат беріңдер десем, малың сап-сау деп қарап отыр. Онда неге сойғызды?

Мұндағы жұрт бруцеллездің бар екендігіне күмәнмен қарайды. Өйткені ауылда карантин енгізілген жоқ, тұрғындардың денсаулығы тексерілмеген,санитарлық іс-шаралар жүргізілмеген. Бұл әрекет заңға томпақ келетіндігін ауылдың ветеринарлық дәрігері де мойындап отыр.   

Анастасия Кель, Белозёр ауылдық округінің ветеринар дәрігері:

– Жіберілген ұсынымда былай деп жазылған, егер екі рет күмәнді деп танылса, онда ол мал ауру саналады. Бірақ заң бойынша теріс не оң нәтиже көрсеткенге дейін бірнеше қайтара тексерілуі тиіс. Күмәнді ірі қара 15 күн сайын тексерілуі қажет. Ал бізде олай емес. Екі рет күмәнді деді ме, бірден сойысқа жібереді. Ал мал нақты ауру ма жоқ па оны білім жатқан ешкім жоқ. 

Жағдайды анықтап білу үшін облыстық ветеринария басқармасына хабарластық, денсаулықтарына байланысты қашықтан жұмыс істеп жатқандарын айтып, қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Бір-екі күн күтсеңдер дегенге келтірді. Ал Белозер ауылының тұрғындары мұнымен тоқтамақ емес, жоғары жаққа шағымданып, тәуелсіз сараптама өткіземіз деп отыр.  

Телеарнамыздың жаңалықтар редакциясы осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрілігіне ресми сауал жолдады. Алайда әзірге жауап жоқ. Әрі қарай да Белозеров тұрғындарының шағымы назарымызда болады. 

Авторлары: Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы