418,90 492,14 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда солтүстік-шығыс айналма жолының құрылысы аяқталды

  • 114
  • UPD: 17:41, 10.07.2020
Қарағандыда солтүстік-шығыс айналма жолының құрылысы аяқталды

Қарағандыда солтүстік-шығыс айналма жолының құрылысы аяқталды.

Айналма жолдың жалпы ұзындығы 48,3 шақырымды құрайды, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

Құрылыс жұмыстары инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту жобасына қарасты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдостың айтуы бойынша, аталмыш жоба қазіргі күннің өзінде қала жолдарының жүктемесін азайтып, тасжолдың тозу мерзіміне де әсерін тигізген. Сондай-ақ автожолдардағы апатты жағдайлардың көрсеткіші төмендеп, экологиялық жағдай да жақсарады. Жаңа тасжол І-техникалық санатқа сай. Төрт жолақты күре жолға асфальтбетон жабыны төселген. Есептік жылдамдық – сағатына 120 шақырым. Қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 20 мыңға жуық автокөлік болады деп жоспарланған.

Шығыс айналма жолын қайта жаңарту жұмыстарының барысында 5 жол айрығы, 5 жол өткелі, ауыл шаруашылық техникаға арналған 6 жол өткелі, Соқыр өзені арқылы өтетін көпір, 54 су өткізгіш құбыр мен екі демалыс алаңы орнатылды.

Ал солтүстік айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары кезінде 2 жол айрығы, 4 жол өткелі, теміржол мен Солонка өзені арқылы өтетін ұзындығы 232 м. эстакада орнатылып, алдағы уақытта 24 су өткізгіш құбыр құрылысы көзделген.

Қарағанды қаласының солтүстік-шығыс айналма жолы тасжолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, тұрғындардың қозғалыс қолайлығын арттырады.

Хабар 24 телеарнасы