419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде қымыз бен саумалға сұраныс артты

  • 664
  • UPD: 22:15, 20.07.2020

Елімізде саумал мен қымызға сұраныс артқан, хабарлайды «Хабар 24».

Иммунитеті әлсіреп, денсаулығы сыр берген қазақстандықтар табиғи өнімді тұтына бастады. Өйткені пайдасы да орасан. Өкінішке қарай, қымыздың бағасы нарықта құбылып тұр. Бірақ сапасы сын көтермейді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Алпысты алқымдаған Сара Оразова бас қаладан Қараөткелге жиі баратын болды. «Коронавирустан сақтану үшін иммунитетті көтеру керек» дейді. Шақырымдарды артқа қалдырып, тәуекелге бел буып жүргені сондықтан. Тіпті екі жасар немересін де ерте келген. Ағзаға қуат берер сусынды жарты айдай ішпекші.

Сара Оразова, зейнеткер:

- Иә, саумал алуға келіп тұрмын. Бүгін екінші күн ішеміз. 15 күндей ішеміз деген жоспарымыз бар. Бұрын курорттарда ішіп көрген едік. Саумалдың 200-дей ауруға ем екенін естіп, біліп жүрген қазақтың ұрпағымыз ғой.

Дертіне шипа іздеп ауылды бетке алғандар көп. Амангелді Теміровтің айтуынша, халық саумал алу үшін кезекке тұрып жатыр.

Амангелді Теміров, бие байлаушы:

- Он күн ішетіндер бар, 15 күн ішетіндер бар. Бір үлкен кісі бар. Онкологиялық ауруханада жатыр. Ол кісінің саумал ішіп жатқанына бір жарым ай болды. Күнде таңертең немересі келіп, алып кетеді саумалын.

Алты баланың әкесі ата кәсіппен 10 жыл бойы айналысып келеді. Иелігіндегі қос биесін таңғы жетіден бастап, әр екі сағат сайын сауады. Амангелді аға саумалға ерекше сұраныс артқанын айтады. Ал артылған өнімнен қымыз дайындалады. Бастысы, күбіңізді сайлап, яғни майлап алған жөн.

Қымыз бен саумалдың таптырмас өнімге айналғанына біз де куә болдық. Нарықта табиғи өнім қымбат. Барының құны шарықтап кеткен.

Ғайша Смайылова, сатушы:

- Жиі алады. Өйткені кісілердің бәрі қазір емге алып жатыр оны. Күніне 20-30 литр сатылып кетеді. Бұрын олай өтпейтін. Қазір бәрі вирусқа қарсы ғой. Адамдар сол арқылы емделіп жатыр ғой.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

-Сұраныс барда сапаның ақсамасына кім кепіл? Біз қолдың қымызы мен дүкеннен алған өнімді «Ұлттық сараптама орталығына» өткіздік. Нәтижесінде Жаңаарқадан жеткен сусынның ашып кеткені белгілі болды.

Мұндайда «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» деген сөз еске түседі. Ал диетологтар қымызды да жөн-жосықсыз іше бермеуге кеңес береді. Ағзаңызды тыңдаңыз.

Нұршуақ Нұрсадықов, тамақтану бойынша кеңесші:

- Саумал немесе кәдімгі қымыз. Олардың да айырмашылықтары бар. Өйткені саумалды біз үш сағаттың ішінде қолдана аламыз. Қымызды ашыған кезде ғана қолдансақ, оның да өзгеше қасиеттері бар. Өйткені адам ағзасы әртүрлі ауруға шалдыққан кезде оның да иммунитеті төмен түсетін болады. Сол кезде қымыз сусынын қолдансақ, ол біздің күш-қайратымызды арттырады.

Сапалы өнімді Амангелді Теміров жаңылмай таниды. Бастысы, нағыз қымыздың бетінде қара майы қалқып жүруі керек. Тобылғының иісі де өнімге өң берері анық.

Амангелді Теміров, бие байлаушы:

- Су мен қоюы бөлініп кетеді ғой. Ол қаймағы астына тұнып, суы көтеріледі. Ол су қосылғанда емес, мәселе. Дұрыс піспегеннен болады. Әйтпесе, қоюы бөлек, сұйығы бөлек кетеді. Ол үшін жақсылап пісу керек.

Биыл елімізде 400 тоннадан аса қымыз өндірілді. Сұраныс бар, демек, жыл соңына дейін көрсеткіш еселенері хақ.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін, Наурыз Базаров, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы