424.49 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Президентке жолданатын өтініш саны күрт көбейді

  • 404
  • UPD: 19:49, 22.07.2020

Көп балалы ана Мөлдір Әмірбекова үшін қиындықтың көбі артта қалды. Былтыр ғана оған елорданың оң жағалауынан 3 бөлмелі пәтер бұйырды. 6 баланың анасы күнделікті айналысып жүрген кәсібінен бір күнде айырылған. Жеке баспанасы да болмай, жалдамалы үйлерді паналауына тура келді. Амалы таусылған соң Мемлекет басшысының қоғамдық қабылдауына жүгінеді. Ананың сұрауы көп ұзамай орындалды.

Мөлдір Әмірбекова, көп балалы ана:

- Баспана мәселесі бойынша 2012 жылы баспана кезегінде тұрып, 2019 жылы 3 бөлмелі пәтерге ие болдық. Ата-аналардың өтініші қазір жеңіл қарастырылып жатыр. Бұрын көп құжат жинайтын еді. Қазір онлайн кездесулер көп болып жатыр. 

Мөлдір ай сайын 120 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алады. Онысы күнделікті күнкөрістен артылмайды. Бұл баспана оған тек 5 жылға жалға беріліп отыр. Енді көп балалы ана Президенттен осы үйді жекешелендіріп беруді сұрайды. Жалпы республика көлемінде Мемлекет басшысының атына осындай өтініш білдіретіндердің саны күрт көбейіп кеткен. Жергілікті деңгейде шешілетін мәселе кейде Президент Әкімшілігіне жолданып жатады.

Мамандардың айтуынша, бұған сол атқарушы орган өкілдерінің арыз-шағымдарға атүсті қарауы себеп. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігі өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі:

- Сол өтініштердің 70 процентке жуығы жергілікті деңгейде шешілетін мәселелер. Егер де сараптап қарайтын болсақ, негізгі мәселе арыздарды уақытында қарамау. Екінші мәселе - бұл арыздарға берілетін жауаптың сапасы.

Президент Әкімшілігіндегі арыз-шағымдарды қарау бөлімі ай сайын кемінде 2 жарым мың өтінішке жауап береді. Бұл жылдағыдан 41 процентке жоғары. Биылдың өзінде 30 мың арыз-шағым түскен. Көптеген азаматтардың мәселесі оң шешімін тапты.

Тамара Дүйсенова, ҚР Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігі өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі:

- Бірінші топта арыздардың 40 проценті құқық қорғау және сот органдарына қатысты. Сосын баспана, әлеуметтік мәселелер. Бизнеске де қатысты проблемалар көтеріледі.

Президентке ел экономикасына құрылымдық өзгеріс ұсынатындар да бар. Мұндай ұсыныстар мемлекеттік органдарға, мамандардың қарауына жіберіледі. Ал келер жылдан бастап «электронды өтініш» платформасы іске қосылады. Сол арқылы көпшілікті алаңдатқан мәселелер ортақ жүйеде қаралып, дер кезінде жауап берілетін болады.

Айта кетейік, өтініштерді қарау бөлімі карантинге қарамастан қабылдауларын тоқтатқан жоқ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы