428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда тұрғындардың тыныштығын бұзған жастар жауапқа тартылады

  • 146
  • UPD: 23:40, 11.08.2020

Алматының іргесіндегі «Достық-Спорт» саяжайының тұрғындары түнде ұйқыдан қалдық дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саяжай «Сұңқар» халықаралық трамплин кешенінің дәл қасында тұр. Кешенге кіре алмаған жастар таң атқанша сол маңайды шиырлап, тұрғындардың мазасын қашырады екен.

Қараңғы түсе салысымен саяжайдың жалғыз көшесі көлікке толып кетеді. Карантин басталғалы олардың саны көбейіп кеткен.

Себебі пандемияға байланысты «Сұңқар» халықаралық трамплин кешені ешкімді қабылдамайды. Бұрын трамплинге еркін кіріп, төбеден түнгі Алматыны тамашалап, әртүрлі романтикалық кештерді өткізетін жастар енді шлагбаумнан тежеледі. Шлагбаумнан өте алмаған олар үйлеріне қайтпай саяжайдың аумағында сауық-сайран құрады екен. 

Сапар Бубеев, саяжай тұрғыны:

– Кешке сағат  9-дан кейін мына жерге жұрт жинала бастайды. Машина 1-2 қатар болып тұрады. Олар бос тұрмайды ғой. Келгенде бірдеңке іше ма? Жей ме? Музыканы ойнатып қояды. Сол машиналар таңғы сағат 6-ға дейін біреуі кетіп, біреуі келіп жатады.

Олар кеткен соң сусын мен шараптың шөлмектері, тәтті-құттының қабықтары шашылып қалады. «Қой десең өзіңе зекиді» деп қынжылады саяжай тұрғындары.    

Қанат Рақышев, саяжай тұрғыны:

– Қорқор тартады. Төбелеседі, шу шығарады. Өзімізге қол көтерді. Бір топ бала тұр екен. Кетіңдер деп едім, өзімізге шабуыл жасап әйелімнің бетінен ұрып, менің өзімнің мұрнымнан ұрды.

Саяжай екі ауданның түйіскен жерінде тұр. Тұрғындардың уәжінен кейін Алматы қалалық полиция департаменті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін патрульдік экипаждарды көбейтетінін жеткізді.   

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

– Аталмыш дерек бойынша Медеу АПБ, Бостандық АПБ қызметкерлерімен рейдтік шаралар ұйымдастырылып, кінәлі азаматтар және құқықбұзушылықты жасаған азаматтар міндетті түрде жауапқа тартылады.

Саяжай тұрғындары трамплинге баратын көшенің бойына жарық шамдары мен бейнебақылау камералары қойылса дейді. Желіккен жастар сонда айылын жиятын шығар деген үмітте. Базынасы мен өтініштерін хатқа тізіп ертең жергілікті әкімдікке тапсыруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Айдар Әбдешев

 

Хабар 24 телеарнасы