420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық фармацевтика өндірісі 23% артты

  • 160
  • UPD: 20:49, 19.08.2020

Үкімет басшысы Қарағанды облысындағы жұмыс сапары аясында отандық фармацевтика өнеркәсібінің дамуы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Асқар Мамин «тұтастай алғанда саланың аяқ алысы жақсы» деді. Жыл басынан бері жоғары өсім байқалады. Індет тарап, карантин басталғалы кәсіпорындардың өндіріс көлемі 23%-ке артып, кіріс мөлшері 70 млрд 200 млн теңгеге дейін ұлғайған.

Отандық фармацевтика өндірісін дамыту – міндет. Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бизнес қауымдастығының пікірін ескеру арқылы арнайы бағдарлама әзірлеп, келер айда жоба ұсынуды тапсырды.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Бүгінгі отырыс фармацевтика саласын дамыту тақырыбына арналды. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек және медициналық сақтандыру шеңберінде қолданылатын препараттардың 50%-і бірыңғай дистрибьютор тізімі бойынша өзімізде өндіріледі. Және жергілікті медициналық ұйымдардың сұранысына ие. Номенклатура ауқымын кеңейту үшін қазіргі таңда 10 жылдық келісімге отыру бойынша конкурстар өткізіліп жатыр.

Үкімет басшысы жергілікті дәрі-дәрмек халыққа қолжетімді әрі сапалы, ал бизнес үшін оңтайлы бағаның болуы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар медициналық маскалар мен басқа да жеке қорғаныш құралдарын өндіру стандартын бекіту туралы тапсырма берді.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберіндегі барлық мәселе шешімін тапты. Бізде стационарлық және амбулаторлы емдеуге арналған 1 айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Вирустың қайта өршуі бола қалған жағдайда 2 айлық қор құрылады. Қазірдің өзінде жұмыстар басталды. Сондай-ақ амбулаторлық емдеуге арналған тегін препараттар тізімі кеңейтілді. Ал, жоғары сұранысқа ие шетелдік медикаменттер Үндістан мен Ресейден шілде айында әкелінді.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне «СҚ-Фармациямен» бірлесіп, медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жеткізуді жоспарлау, препараттарды тіркеу талаптарын оңтайландыру және отандық өндірушілер үшін сатып алу көлемін болжау жүйесін енгізуді тапсырды.

Аян Рысбеков, «Аманат» ЖШС директоры:

- Біздің кешен 2012 жылы ашылды. Компаниямыз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қатысып, кешен құрылысын қаржыландыруға инвестиция тартты. Әлемнің 70 еліне өнімдерімізді экспорттаймыз. 400 компания біздің өнімді жеткізумен айналысады. Қарағанды облысы әкімдігімен меморандумға қол қойып, күз бен қыс мезгілдеріне дәрі-дәрмек қорын құру туралы уағдаластық.

Асқар Мамин отандық дәрі-дәрмектің сыртқы нарықтарға жедел шығуын қамтамасыз ету және жаңа дәрілерді тіркеу кезіндегі кедергілерді азайту қажеттігін атап өтті. Жалпы ел бойынша бұл салада 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде 33-і дәрі-дәрмек бойынша, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника бойынша қызмет етеді. Индустрияландыру картасы аясында құны 62 млрд 900 млн теңгеге тең 41 жоба пайдалануға берілді. Бұл 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Салалық прогресс Алматы мен Шымкент қалаларында және Алматы мен Қарағанды облыстарында байқалады.

Сергей Барон, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры:

- Осыдан 2 жыл бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев біздің кешенге келген кезде құны 1 млрд теңге болатын алғашқы 3 препаратымызды өндіріп шығардық. Қазір біздің қоржын тағы 6 препарат түрімен толықты. Биыл өндіріс көлемі 8 млрд теңгеге жетті. Штатта 190 адам жұмыс істейді. Келесі жылы 2 ауысымдық жұмысқа көшіп, тағы 3 препарат түрін шығарамыз. Өнімдеріміз онкологиялық аурулармен күресуге арналған. Сонымен қатар қан ауруы, склероз, артрит, диабет сияқты індеттердің алдын алатын отандық медикаменттер де бар.

Асқар Мамин жұмыс сапары аясында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға барып, «Қарағанды – Теміртау» жолайрығын көрді. Өзге де денсаулық сақтау нысандарын аралады.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы