429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде тағы бір провизорлық орталық жабылды

  • 209
  • UPD: 20:18, 20.08.2020

Мұнда бұған дейін пневмонияға шалдыққан науқастар ем қабылдаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып, ем-дом жасайтын қосалқы ғимараттар қажет болмай қалды.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Бұл провизорлық орталық дәрігерлері мен медициналық қызметкерлерінің киімін ауыстыратын бөлмесі. Яғни, таза аймақ. Қазір бөлмедегі барлық құрал-жабдық дезинфекциялауға жолданған. Тек қана күнделікті киіп жүрген аяқ киімдері ғана қалыпты.

Балаларға арналған «Шағала» шипажайы маусым айының 30-нан бастап пневмонияға шалдыққан жандарды қабылдады. Алғашқы тәулікте бірден 70 адам орналастырылыпты. Сондықтан өзге медициналық мекемелерден дәрігерлер мен медбикелер, тіпті волонтерлер де көмекке келген.

Күнзағила Мусина, «Шағала» облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезі шипажайының бас дәрігері м.а:

– Бірінші емханадан, екінші емханадан, 5-6 емханалардан медицина қызметкерлері көмекке келді. Оның ішінде 23 дәрігер, 36 медбике, 48 кіші қызметкер жұмыс істеді.

Орталықта бір жарым ай ішінде 370 адам ем алған. Олардың 31-інен «КОВИД» дерті расталыпты. Ақ халаттылар барлығын аяғына тік тұрғызып, үйлеріне қайтарған. Көз жұмғандар жоқ. Бастысы, олар болашақта салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа немқұрайлы қарамауға кеңес береді.

Күнзағила Мусина, «Шағала» облыстық балалар сүйек-өкпе туберкулезі шипажайының бас дәрігері м.а:

– Пациенттерді емдеген кезде біздерге психолог мамандардың қажет екеніне көзіміз жетті. Өйткені бізде болған мына пневмония адамның ағзасына, психологиясына қатты әсер етеді.

Қазір провизорлық орталықта тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғимаратты санитар мамандар арнайы сұйықтықпен зарарсыздандырып кеткен. Ал науқастарға қажетті оттегі балондары, қажет болған жағдайда тез арада жеткізу үшін, жақын маңдағы қоймада сақталады. Айта кету керек, қазір өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Қауіпті індетті жұқтырған жандардың 92 проценті дертінен толық сауыққан.

Самат Данияров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Біздің облыста коронавирус індетімен ауырған науқастардың саны 3100 болатын болса, олардың 92 проценті жазылып, үйлеріне шықты. Бүгінгі таңда облыстық инфекция ауруханасында небәрі 34-ақ ауру жатыр. Оның ішінде ауыр науқас жоқ. Ал пневмониямен емделіп жатқан аурулардың саны 241.

Науқастар санының азаюына байланысты бұған дейін Марат Оспанов атындағы медицина университетінің жатақханасында ұйымдастырылған емдеу орны да жабылған еді. Жалпы, қазір өңірде қызмет еткен 8 провизорлық орталықтың тек 3-і ғана қалды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы