420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әулиекөл мен Жалдаманың арасы қашан жөнделеді?

  • 175
  • UPD: 21:03, 20.08.2020

Қостанай облысындағы жүз шақырымдай бұл асфальттың сау тамтығы қалмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр адым сайын шұрық-тесік. Соның кесірінен көліктердің қатынауы мұң.

Жалдама ауылынан Қостанайға дейінгі 357 шақырымдық жол бойымен көліктер жиі қатынамайды. Бірақ Амангелді және Жангелдин ауданы үшін оның маңызы бөлек. Бұл – облыс орталығымен байланыстыратын жалғыз трасса. Алғашқы 100 шақырымы соңғы төрт айда әр жерінен ойдым-ойдым боп шыға келді. Сәуір айында тақтайдай тегіс болған аумақты жұрт бір сағатта еңсеретін. Қазір тас-талқаны шыққан жолмен үш сағатта әзер жетеді. 

Жолдың жауы – ауыр жүк көліктері. Қиыршық тас, құм, көмір, құрылыс материалдарын тиеген техника асфальтті саз балшыққа илеп тастаған. Асфальт жол бойында емес, жиегінде бөлшектеніп жатыр. Шұрық-тесік шұңқырлар жүріс бермейді. Көлігіміз бұзылып, әбден шығынға баттық, дейді жүргізушілер. 

Мұнда жол ережесі туралы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ сияқты. Кедір-бұдырды айналған автокөліктер қарсы жолаққа шығып кетеді. Ал асықсаң апатқа ұшырап, көліктің аман қалуы екіталай.  

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Осы жолды бес саусағындай білетін жүргізушілер кедір-бұдырды оңай айналып өтеді-ақ. Ал сирек жүретіндер автокөліктерінің астын соғып, техникасына әжептәуір залал келтіруі мүмкін. Өкінішке қарай, жол азабын біз де көрдік. Қызметтік көлігіміздің доңғалағы жарылып, басқышы жұлынып қалды. От алдырғанда кәнігі бір спорткарға мінгендей боласың. Алайда бұл біздің діттеген жерге тез жетуімізге әсер етпесі анық.

Облыстық маңызы бар жолды орташа жөндеу жұмыстары Әулиекөл  ауданынан басталып отыр. Қазан айында 100 шақырымы қалпына келтіріледі деп жоспарланған. Ал құрылысшылардың Дәмді ауылынан Амантоғайға дейінгі апатты аумаққа қашан жететіні белгісіз.

Болат Сейдахметов, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасы басшысының орынбасары:

– Келер жылы 100 шақырым екі участок. Дәмдіден Амантоғайға жетеміз деп ойлап отырмыз. Орташа жөндеу. Цемент қиыршық тас қосып жөндейді.

Жолдың жағдайы биыл түзеледі дейді басқармадағылар. Мердігер 25 тамызға дейін жолды тегістеуі тиіс деген ұйғарым жолданды. Егер бұл міндеттеме орындалмаса, онда мәселе сот арқылы шешіледі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

 

Хабар 24 телеарнасы