428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда коронавируспен ауырғандарға арналған оңалту орталықтары ашылды

  • 193
  • UPD: 21:29, 25.08.2020

Атырауда коронавируспен ауырған науқастарға арналған оңалту орталықтары ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда физиотерапия, массаж, тыныс алу жаттығулары секілді ем шаралары жүргізіледі. Игі бастама аудандарда да жүзеге аспақ. Бүгінде денешынықтыру залдарына ем-домға қажетті жабдықтар әкелініп жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Коронавирус кеселінен айыққан адамдарды оңалту мақсатында ашылған орталықтардың арқасында атыраулықтар өз денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады. Тұрғындар жергілікті емхана дәрігерлерінің жолдамасы арқылы тегін, ақысыз түрде осы орталық қызметіне жүгіне алады. Қауіпсіздікті қатаң сақтай отырып, ашық аспан астында өтетін түрлі жаттығулар адамның тыныс алуын жақсартып, өзін сергек сезінеуіне сеп болмақ.

Шаһар бойынша бекітілген 6 денешынықтыру-сауықтыру кешенінде қазір жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр. Жолдама алған тұрғындар белгіленген кесте бойынша орталықтарға жаттығу келеді. Ағзаның оңалуы үшін кем дегенде 20 күн бойы ем шараларын қабылдау қажет.

Зульфия Ысқақова, қала тұрғыны:

- №7 қалалық емхана жолдама беріп, осында жіберді. Бір ай турасында болады. Түрлі жаттығулар аламыз. Өзі бір сағат өтеді. Денсаулыққа жақсы. Өзімді жақсы сезінемін. Екінші күнім ғой жаңа бастап келе жатырмын. Жақсы...

Оңалту орталығында реабилитолог, психолог мамандарымен қоса медбикелер, спорттық кәсіби жаттықтырушылар қызмет көрсетеді. Мұндай орындар аудандарда да ашылып жатыр.

Нұрлыбек Қабдықапаров, облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жеті аудан бойынша орналасқан мектептердің, лицейлердің жанында орналасқан денешынықтыру спорт залдарынан біздің реабилитолог, психолог мамандарымен қоса, медбикелер, облыстық спорт басқармасымен біріккен тренерлер болады.

Облыста қауіпті індетке шалдыққандар саны күн сайын азайып келеді. Десе де, індеттің іргеде екенін естен шығармаған абзал. Қазір мұнайлы өңірде коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Ауруханалар мен емханаларға оттегі станциясын тарту жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталмақ. Сонымен қатар облыста 2 айға жуық уақытқа жеткілікті дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдары бар. Қазір дәрігер тапшылығынан туындаған мәселелерді шешу қолға алыныпты.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы