429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да биылғы шөп шығымы аз

  • 198
  • UPD: 21:07, 01.09.2020
ШҚО-да биылғы шөп шығымы аз Altaynews

Жаздың құрғақ болуына байланысты ШҚО-да қысқы мал азығын әзірлеу барысы былтырғы мөлшерден төмен болып отыр.

Тіпті кейбір аудандарда шөп шығымы 2-3 есе аз. Сондықтан біраз фермерлер малдарын сатып жатыр. Дегенмен, Жарма ауданында асыл тұқымды байыс қойын өсірумен шұғылданатын қожалықтар бұл тығырықтан шығар жол емес деп есептейді. Өйткені мал басын өсіру оңай шаруа емес. Қазір ауданда шаруашылықтар арасында өзара көмек жөнінде меморандумдар жасалып жатыр. Биыл қауіпті індет күшейген тұста сорпа-суына зәру жұрт қой іздеп әбігерге түсті. Ұсақ малдың бағасы да едәуір өсті. ШҚО-ның Жарма ауданы кезінде одаққа аты мәшһүр байыс тұқымының отаны саналады.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Байыс қойының ерекшелігі: қыста тебіндеп жайыла береді. Ал майды тек қана құйрығына емес, сонымен қатар жоны мен сүбесіне де жинайды. Мына 2,5 жасар қошқардың салмағы 100 келіден асқан. Ал егер бордақылайтын болсақ, 175 келіге дейін жетеді екен.

Үшбиік ауылындағы шаруа қожалықтардың бірінде 5 мыңнан астам қой бар. «Машақаты көп болса да, малды сатып, басқа кәсіпке ауысу ойымызда жоқ», – дейді еңбекқор жандар.

Рамзан Хасиев, шаруашылық жетекшісі:

- Биыл құрғақшылық. Сондықтан Өскемен, Семейден болса да сатып аламыз. Бірақ қой сатпаймыз. Менде 1000 бас аналық, 300 бастай қозы бар.

Жайлауда мал баққан қойшымыз да әңгімешіл болып шықты. Көп сұраққа нық жауап берді. Ата кәсіпті жандандыруға ынта керегін айтады ол.

Тілек Тұраров, шопан:

- Заманның озғаны ма, тозғаны ма, оны білмеймін. Бәрі малға жолай бермейді. Бірақ еті мен ақшасына келгенде, өздеріңіз білесіздер. Қазіргі жастарды мал шаруашылығына баулу керек. Оның өзінде де көбі шыдамайды, шыны керек. Бұған алдымен ынта қажет.

Ағайынды Хасиевтердің үлкендері сонау соғыс жылдары Шешенстаннан қазақ топырағына жер аударылыпты. Жарты ғасырдан астам қой бағып келе жатқан Хусан ақсақал қазір зейнеткерлікке шыққан. Сөйтсе де бос қарап отырмайды. Балаларына ақыл айтып, жөн сілтеп отырады.

Хусан Хасиев, зейнеткер:

- Жасым 80-нен асты. Сонда да қартайып тұрған жоқпын. Қазір індет деп шулап кетті. Менің оны ойлауға уақытым жоқ. Жұмыс істеу керек. Адам таңертеңнен шын ниетпен адал еңбек етуге дағдыланса, бәрі де жақсы болады. Міне, мына жерге бақша салып қойдым, күтіп-баптап қияр, қызанақ сияқты көкөністің бәрін ешкімнен сатып алмаймыз. Балаларым мен немерелерім ата жолын қуып, ел болашағына адал кәсіппен қызмет етсе екен деймін.

Ахметқали Нұрғожин, Жарма ауданының әкімі:

- Шаруа қожалықтарымен сөйлескен соң мал санын азайтпаймыз деген шешімге келдік. Мүмкін кейбіреуінде азайса да, шөпті бар шаруашылықтар қазір дайындап, күзде, қыста бір-бірімізге болысайық деген ниетпен Ауыл шаруашылығы бөлімі сондай жұмыстар жасап жатыр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен қосылып, қазір біздің ауданымыздағы шөп мәселесі бүкіл облыстағыдай күрделі. Бірақ оны бір кісідей шешеміз деген ойдамыз.

Ауданда 100 мыңға тарта ірі қара, 242 мың қой-ешкі, 40 мыңға жуық жылқы бар екен. Олардың қыстан қысылмай шығу үшін 225 мың тонна шөп керек. Қазір 175 мың тонна әзірленіп үлгеріпті. Қалған шалғынды да күздің жайлы күндерін пайдаланып ысырапсыз шауып алу көзделген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы