429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейлік цирк бір жылға жуық уақыт СҚО-дан кете алмай отыр

  • 203
  • UPD: 08:14, 03.09.2020

 

Оған себеп – әлемді жаулаған пандемия.

Әртістер өткен жылдың желтоқсан айында соңғы рет өнер көрсетіп, Бескөл ауылында қалып қойған. Қаржылары таусылып, түрлі қиындықтарға тап болған ұжымға жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер көмектесті. Жуырда әлеуметтік желілердің бірінде аңдар күтімсіз қалды деген жазба тарады.

Әлеуметтік желіде бұл пост үлкен резонанс туғызды. Видео авторы онда аңдардың тар әлі лас жерде қамауда күтімсіз тұрғандарын жазған. Алайда цирк директоры мұны жоққа шығарып отыр.

Ольга Нагорная, цирк директоры:

– Әйелдер ешкімнің рұқсатынсыз келіп, аңдарға су құйған. Ал кешке оларға су беруге болмайды. Мұнымен қоса, аюға ет лақтырып, тамақтандырмақ болыпты. Алайда бұл жануарға мүлдем ет жегізуге болмайды. Себебі ертең бізге бағынбай кетуі мүмкін. Оны тағы телефонға түсіріп, желіге жариялаған.

Сахнада талайды тамсандырған аң патшасы – арыстан желтоқсан айынан бері қамауда тұр. Себеп біреу. Өнер көрсетуге рұқсат жоқ. Карантин ғой. Ресейдің Омбы қаласынан келген цирк қазір Бескөл ауылында. Осы жерді паналап жатқандарына 10 айға жуықтаған. Сондықтан жануарларды қорғау қауымдастығының өкілдері де аңдар үшін алаңдаулы.

Татьяна Мухамедзянова, Қазақстанның жануарларды қорғау қауымдастығының мүшесі:

– Жабайы аңдардың торлары өте тар екенін көріп отырмыз. Бірақ цирк басшылығы бәрі жақсы екендігін айтуда. Сондықтан бұл ретте бізге нақты заң қажет. Күні кеше Президент өз жолдауында жануарларды қорғау мәселесін алға тартты. Сондықтан алда нақты шешімдер қабылданса, мұндай проблемалар туындамайды деп есептеймін.

Цирк құрамында аю, екі тоты құс, ит және арыстан бар. Олардың жейтін қорегі таусылған кезде жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер көмек көрсеткен. 

Цирк әртістерінің айтуынша, Ресейге қайта оралу оларға қалтаны қағады. Сондықтан келер аптада Павлодар облысына жолға шықпақ. Сәтін салса, сол жақта қыстап шығуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы