429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды – ҚР ДСМ

  • 176
  • UPD: 22:09, 04.09.2020

Коронавирустың әлегі аз болмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде тұмауға қарсы екпе салу әдеттегіден ерте, яғни 15 қыркүйекте басталады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді. Ол тұмауға қарсы дозаның күші 6 айдан 12 айға дейін сақталатынын атап өтті. Жауаптылар бұл екпе эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау сияқты ауруларға мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді дейді.

Биыл тұмауға қарсы екпе әдеттегіден екі апта бұрын, яғни 15 қыркүйекте басталады. Дәрі жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютер бүгінге дейін вакцинаның екі миллион данасын алып қойған. Бұл Қазақстан тұрғындарының 11 процентін қамтамасыз етуге жетеді. Сондай-ақ өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары қосымша 754 мыңдай данасына тапсырыс берген. Вакцинаны егетін мамандар да сақадай сай.

Бағдат Қожахметов, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

– Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 мыңнан астам семинар өткізілді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта буын қызметкер даярлықтан өтті.

Министрліктің ресми өкілі тұмаумен тұспа-тұс келуі мүмкін коронавирустың екінші толқынына дайындық жайын баяндады. Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы пайдалануға берілмек. Бұған қоса 14 стационар іске қосылады. Осылайша коронавируспен ауырғандарға арналған 51 мыңнан астам төсек орын дайын болады. Дәрігер көмегі қолжетімді болу үшін барлық аймақта мобильді топ жасақталды. 1 бригада 5 мың адамға есептелген.

Бағдат Қожахметов, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

– Жұқпалы аурулар ауруханасы мен провизорлық стационарларда өкпені жасанды желдететін 3 мың 300 аппарат бар. Қосымша 2 мың 619 аппаратқа тапсырыс берілді. Оның мың жарымы отандық кәсіпорындардан алынады.

Биылғы жолдауында Президент бұл министрлікке11 міндет жүктеген. Соның бірі – дәрі-дәрмектің сапасы мен өндірісін арттыру. Бүгінде елімізде фармацевтика саласында 90 нан астам кәсіпорын жұмыс істесе. Соның 33-і дәрі шығарады. 33-тің 17-сі GMP стандартына сай келеді. Десе де тұрғындар отандық өнімнің сапасына күмәнмен қарайды. Көбіне Ресей не Еуропада жасалған дәріні таңдайды.

Нұрлыбек Асылбеков, ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін БК төрағасының орынбасары:

– Қазір біздің өндірістеріміз жаңадан модернизациядан өтіп жатыр. Өйткені жаңадан құрал-жабдықтар қойып, оқытып жатыр. Беларусьтен немесе Ресейдің көптеген өндірісінде бұл стандарттар әлі де жоқ деп есептеймін. Олар да біз сияқты дамып жатыр. Бізде «Фармоконадзор» деген түсінік бар. Соған байланысты бізде сары карточка дейміз. Сол арқылы біз сараптап, ұлттық сараптау орталығы саған байланысты біз дәрілердің сапасын, тиімділігін, қауіпсіздігін әрқашан да сараптап отырамыз. Мысалы, 2019 жылы біз 80 ге жуық куәлікті уақытша тоқтаттық.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда жасалған медициналық препараттар халықаралық талапқа сай. Ол бірнеше рет тексеруден өтеді. Шетелдік тауардан кем емес. Оны экспорт көлемінің артуынан-ақ байқауға болады. Яғни біздің өнімге шетелде сұраныс бар. Сапасына сенуге болады дейді мамандар.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы