431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде «Таза аспан» республикалық әскери оқу-жаттығуы өтіп жатыр

  • 163
  • UPD: 23:10, 04.09.2020

Әуе шабуылына қарсы және әуе қорғаныс күштерінің шеберлігін шыңдауға арналған шараға 2 мыңнан аса адаммен 20-дан астам ұшақ жұмылдырылған. 

Тактикалық жиынға Талдықорғандағы 21751 әскери бөлімнің ұшқыштары да қатысып, өздерінің дайындығын көрсетті. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Бұл – СУ 30СМ деп аталатын көпфункциялық әскери ұшақ. Әуе кемесі ауа райының қолайсыздығына қарамай, күндіз де түнде де көкке көтеріліп, аспандағы, жердегі және судағы нысандарды жоюға арналған. Бүгінгі оқу жаттығу барысында заманауи техниканың бар мүмкіндігі сыналды.

Жауынгерлік дайындық жоспары бойынша Қазақстан аумағына өзге елдің әскери ұшағы кірген. Аталған нысанды арнайы шыққан әскери экипаж бақылауға алды. Қатарласа ұшып заң бұзғандарға қару қолданылатыны туралы ескерту жасау арқылы қонуға мәжбүрледі.

Тактикалық оқу-жаттығуға қатысып жатқандардың бірі – Артур Хасанов. Оның зеңгір көкте өткізген уақыты 500 сағаттан асады. 13 жылдық еңбек өтілі бар әскери ұшқыш өзіне жүктелген міндетін ойдағыдай орындады. 

Артур Хасанов, әскери ұшқыш:

– Біздің ұшқыштар орта қашықтағы және аса биіктегі нысанды бақылау және оның еркін ұшуына жол бермеу, тосқауыл қою жұмыстарын жүргізді. Берілген тапсырманы нақты және уақытылы орындадық. Сол арқылы әскери бөлімнің жоғары дайындық деңгейінде екенін көрсеттік.

Қазақстан кеңістігіне кіргендерді әсери ұшқыштармен қатар әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері жерден нысанаға алды. Осылайша қос құрылым ел тыныштығын күзетудегі өзара іс тәжірибесін пысықтады. 

Мақсат Байжігітов, 21751ӘБ авиациялық эскадрилиясының бөлім бастығы:

– Ұшқыштар мен инженерлік құрам ұшу алдында күрделі дайындықтардан өтті. Сол дайындықтардың нәтижесінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен әуе қорғаныс күштерінің аралығында өткен оқу жаттығуларында біздің ұшқыштар өздерінің шеберліктерін жақсы таныта білді. Және бірлесе жұмыс істей алатынын көрсетті.

Республикалық оқу-жаттығу ертең аяқталады. Соның қорытындысы бойынша күштік құрлымдардың бірлесе әрекет етуі бағаланып, жіберілген кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы