431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық жастарға медиа-сауаттылық бойынша онлайн-дәріс оқытылады

  • 158
Елордалық жастарға медиа-сауаттылық бойынша онлайн-дәріс оқытылады

Онлайн-дәрісте тыңдаушыларға интернетке тәуелді болмаудың, digital-интеллектіні арттырудыңжолдарын үйретеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Бүгіннен, 7 қыркүйектен, бастап балалар мен жастар үшін медиа-сауаттылық бойынша тегін онлайн-курс басталады. Оқыту барысында қатысушылар интернет-ресурстарды тиімді пайдалануды үйренеді. Сабақтар Zoom платформасы арқылы екі тілде өтеді.

«Біз жұмыс барысында балалардың интернетке тәуелді екенін байқадық. Осыған байланысты бірнеше әлеуметтік тәжірибелер жасадық, балаларға қолжетімді боп кеткен ғаламторды бір сағатқа, 30 минутқа дейін өшіре тұрдық. Бұл шектеу олар үшін оңайға соқпады. Ересектер үшін де бұл сынақ қиын екенін мойындаймыз. Біз таңертең көзімізді ашып, алдымен телефон ұстаймыз, телефонмен ұйықтаймыз. Бұл – интернетке тәуелді екеніміздің белгісі. Біздің мақсатымыз ғаламтордан біржола бас тарту емес, өйткені ол өмірімізге кірігіп кетті. Бірақ біз балаларға желідегі уақытты дұрыс пайдалануды үйреткіміз келеді. Олар тек онлайн отыра бермей, өздері үшін пайдалы оқу курстарын алып, жаңа бір нәрсені үйренгенін қалаймыз. Осы мақсатта аталмыш курсты іске қостық», – дейді республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Динара Сәдуақасова.

Курс 14 жастан 29 жасқа дейінгі балалар мен жастарға арналған. Оқу бағдарламасына «Медиа және интернет-сауаттылық», «Цифрлық беделді сақтау» және «Интернетке тәуелділіктің алдын алу» сияқты пәндер кіреді. Қатысушыларға интернет, телефон, онлайн, әлеуметтік желілер, fake news, сандық бедел, YouTube, Google, киберқауіпсіздік туралы дәрістер оқылады.

Дәріскерлер ретінде Қазақстанның беделді халықаралық жоғары оқу орындарының ІТ-технология саласындағы тәжірибелі мамандары шақырылды.

Сонымен қатар @restart_social инстаграм парақшасында және ReStart Telegram-каналында ойындар мен шағын конкурстар өтеді. Нәтижесінде жеңімпаздар арнайы жүлделерге ие болады. Дәрісті аяқтаған соң қатысушылар электронды сертификаттар алады.

Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ қатысуымен өткізіледі.

Хабар 24 телеарнасы