429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да өзен-көлдердегі судың тартылуы мал азығына кері әсерін тигізді

  • 304
  • UPD: 20:48, 07.09.2020
БҚО-да өзен-көлдердегі судың тартылуы мал азығына кері әсерін тигізді

Батыс Қазақстан облысында қысқы мал азығына қажетті шөптің шығымы көңіл көншітпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр гектардан алынған өнім көлемі небәрі 2-3 центнер шамасында.

Мал азығының қымбаттауы төрт түлікке тәуелді ауыл тұрғындарына оңай соқпайтыны рас. Мысалы, кей ауданда бір бума шөптің бағасы он мың теңгеге жуықтаған.

Мамандардың есебінше, алдағы қыстан қысылмай шығу үшін кемі 1 миллион 600 мың тоннадай шөп дайындалуы тиіс. Қазіргі таңда қажет көлемнің 88 проценті жиналыпты. Қала іргесіндегі мына шаруа қожалығында күніне 50 бума шөп дайындалады екен. Мемлекеттен дизель отынын субсидиялау түрінде қолдау бар. Бірақ техника жыл санап қымбаттап барады. Ал оған бөлінетін субсидия көлемі керісінше 50-ден 25 процентке азайып кетті дейді шаруалар.

Сергей Павловичев, шаруа қожалығының басшысы:

– Қазіргі таңда 500 бумадан аса шөп дайындап қойдық. Техника жеткілікті, азық жинау науқанында іркіліс жоқ. Бірақ биыл шөптің шығымы шамалы, әр гектардан кейде 2, ал кейде 5 центнерге дейін өнім алып отырмыз. Сондықтан жерде не бар, соның бәрін шауып алуға тырысамыз.  

Өңірде бір бума шөптің бағасы әрқилы. Кейбір ауданда 5 мың теңгеден басталса, кей өңірлерде 9 мың теңгеге жетті. Қораңдағы 10 шақты бас ірі қара мен 40 шақты қой-ешкіні қыстан аман алып шығу оңай емес. Кемі жарты миллион теңгеге жуық қаражат жұмсаймыз дейді ауыл тұрғындары. Қыс қаһарына мініп, мал азығына тапшылық білінсе бұл баға да өзгеруі мүмкін.

Мұратбек Жұмағалиев, Ақжайық ауданының тұрғыны:

– Биыл шөп қымбат. Былтыр арзан болды, қуаңшылыққа байланысты Акжайық ауданында шөп жоқ. Қала әкеліп сатып жатыр, 8-9 мыңнан бір орамы. арбасы 105-135 мыңға шығады.

Сатқан Өмірзақов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы облысымыз бойынша шөп шабу көлемі 3 миллион 193 миллион гектарды құрайды. Қажетті жанар-жағар май бар. Алдағы қыстаққа облыс бойынша 800-900 мың шартты бас мал кіреді деп жоспарлануда. 

Биыл өңірде жауын шашын аз болды. Өзен-көлдерде судың тартылып кетуі де мал азығын қамдауға кедергі. Шөптің шығымы өте төмен болған Ақжайық пен Қазталов аудандарына қосымша 20 мың тоннаға жуық жем-шөп сатып алынды.

Авторлары. Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Руслан Ғазизов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы