420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалықта тау-кен өндіретін кәсіпорын жабылады

  • 202
  • UPD: 22:18, 07.09.2020

Бір айдан соң Арқалық қаласындағы тау-кен өндіретін кәсіпорын жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өндіріс ошағында боксит қоры толық сарқылған. Осыған байланысты кеншілер басқа жұмыс іздеумен әлек. Оларды Қостанай облысындағы өзге кеніштер аумағында вахталық әдіспен орналастыру ұсынылды.

Бірақ көбісі одан бас тартқан. Жұмысшылар бір ауыздан Арқалық маңындағы кен орнын игеру қажеттігін айтады. Тіпті бизнес-жоспар да әзірлеген. Енді басшылықтың жауабын күтіп отыр. Ал жергілікті әкімдіктегілер жұмысшылар далада қалмайды деп сендірді. Осы мақсатта бос орындар жәрмеңкесін де өткізген. Оның көмегі болды ма?

Торғай боксит кеніші жабылады деген әңгіме ел аузында 5 жыл бұрын шыққан. Сол кезде кәсіпорынның шикізат қоры 2021 жылы толық сарқылады деп болжанған. Өкінішке қарай өндіріс мәжбүрлі түрде биыл тоқтады. Ал қазан айының ортасында жұмысшылар ұжымы таратылатыны белгілі болды. 

Манарбек Нұрмаған, Торғай боксит кен басқармасының директоры:

– Экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты. Әлемдік нарықтағы сазбалшық бағасының түсуіне байланысты осындай іс-шараға бардық. Қазіргі таңда 261 адам бізде 3 айлық іркілісте. 97 адам жұмыс жасап жатыр. Қалған адамдар өз еңбек демалысында.

Өндіріс ошағы 3 жыл бойы шығынға батып келеді. Мұнда 500-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын істемей тұрған кезеңде кеншілерге жалақысының жартысы төленіп келді. Басқа облыстардан вахталық әдіс бойынша жұмыс орны ұсынылғанымен көбісі келіспеген көрінеді.

Оңдасын Әбілтаев, Арқалық қаласының тұрғыны:

– Мен осы жерде туып өстім. Қайда барамын? Біздің жасымыз келіп қалды. Баяғы жас кезімізде Астанаға бармағанбыз. Енді қайда барамыз? Біз осы жерде қаламыз аяғына дейін.

Оңдасын Әбілтаевтың әріптестері сияқты Жұмыспен қамту орталығын жағалап жүргеніне біраз болды. Онда ұсынылған бос орындар көңілімізден шыққан жоқ, жалақысы да аз дейді. Өз мамандығы бойынша орналасуды қалайды. Сол себепті қала маңындағы басқа кен орнын игеруді талап етіп отыр.

Арыстан Бірәлі, Арқалық қаласының тұрғыны:

– Барлау бойынша осы қаладан 15 шақырым жерде Үштөбе кен орны бар. Онда 30 жылға жететін қор бар. Қаланың өмірін ұзартады. 600 адамның ешқайда кетпеуіне, жұмыс істеуіне, біздің техникамыздың, ТБРУ бүкіл цехтары істеп тұр. Ешкімнің ешқайда кеткісі келмейді.

Компания басшылығы кеншілердің бизнес-жоспарын құп көріпті. Қазір тиімді тұстарын зерттеу үстінде. Ал әкімдіктегілер болса, ешкім жұмыссыз қалмайды деп сендіріп отыр. Жақында бос орындар жәрмеңкесін өткізіпті.

Қайрат Әбішев, Арқалық қаласының әкімі:

– 153 вакансия ұсындық. 150-дің 30-40-ы – жүргізуші. Өйткені бізде «Аллюминқұрылыс» ЖШС бар үлкен ұжым. Онда 25 үлкен ауыр жүк көліктері тұр. Бізде шаруалар бар, қалада тұратын жүргізушілер керек. Экскаваторшылар керек. ТЭЦ салынып жатыр жаңадан. Бордақылау алаңы салынып жатыр. Жезқазған-Петропавл жолы жөнделіп, сонда көпір салынып жатыр.

Жәрмеңке нәтижесінде 68 адамға жұмыс табылған. Тағы 100-ге жуық кенші Рудный, Лисаков қаласында вахталық әдіспен істеуге көнген. Қалғандары үшін брінеше бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады деп айтты қалалық әкімдік.

Аваторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы