420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да төрт баланы қағып кеткен жүргізуші рөлге мас күйінде отырған

  • 155
  • UPD: 20:49, 07.09.2020

Шығыс Қазақстан облысында болған жантүршігерлік оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан бірнеше күн бұрын Жаңа Шүлбі кентінде мас жүргізуші 4 бірдей бүлдіршінді қағып кеткен еді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ол жол үстінде келе жатып, шұғыл бұрылған. Сол сәтте жол шетінде жүрген бірнеше баланы қағып барып тоқтаған.

Бұл жол көлік апаты Бородулиха ауданындағы жаңа Шүлбі кентінде кешкі жетілер шамасында болған. Жол үстімен келе жатқан көлік кенеттен бағытын бұрып, жол шетінде ойнап жүрген балаларды қағып өткен.

Сол беті бағанға соғылып барып бірақ тоқтапты. Оқиға орнында 5-10-11 және 12 жастағы төрт бала зардап шекті. Бірі жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Полиция көлікті тізгіндеген азаматтың мас болғанын растады.

Сағат Мәдиев, облыстық ІІД басшысы:

– Қазіргі уақытта «Мицубиси» көлігінің жүргізушісі Бородулиха ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторныда қамауға алынды. Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Түрлі жарақат алған қалған балалар ауруханаға жеткізілген. Олардың біреуінің жағдайы ауырлау дейді мамандар.

Елжан Қайыртаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Балалардың бірі Семей қаласында облыстық ауруханада реанимация бөлімінде жатыр.Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.Одан басқа, екі бала жергілікті жерде қаралып, кішігірім жарақаттар алған, дегенмен олар үйлеріне босатылған.

Биылдан бастап елімізде жолда жүру тәртібін бұзғандардың жазасы күшейтілгені белгілі. Қылмыстық кодекстегі өзгерістер бойынша жол оқиғасы адам өлімімен аяқталған жағдайда,оған кіналы азамат 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Дегенмен қатаңдалған жаза да, салынып жатқан айыппұлдар да нәтиже бермей отыр. Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда ішімдік ішіп көлік жүргізген 30 мыңнан астам адам анықталады екен. Автокөлік жүргізудің қыр-сырын үйрететін Евгений Черныш бүгінде жолда жүру тәртібінің негізгі ережелері ескерілмейді дейді. Көлік иесі транспортың қауіп көзі екеніне де мән бермейді. Ал қаптап кеткен онлайн автомектептер жол қауіпсіздігін толық игеруге ықпал етеді деу қиын.

Евгений Черныш, сарапшы:

– Көптеген категорияны онлайн оқытуға рұқсат берілді. Сөйтіп онлайн оқып емтихан тапсырып жүргізуші куәлігін алады. Яғни нағыз ұстазбен бетпе-бет жүздеспейді. Тәжірибелі нұсқаушылардан тікелей білім алмайды.

Дегенмен жолдағы қауіпсіздік тек қана жүргізушінің біліміне емес, оның жауапкершілігіне де байланысты. 4 баланы қағып кеткен 31 жастағы азаматтың көлік жүргізуде біраз жыл өтілі бар екен. Алайда сұмдығы сол, рөлге ішімдікке сылқия тойып отырып, орны толмас қайғыға себепші болды. Айта кету керек, өңірде ішімдік ішіп, көлік тізгіндегендер көбейіп кетті. Жыл басынан бері осындай 1040 адам анықталды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы