429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да су ұңғымасын салу барысында көптеген кемшілікке жол берілген

  • 157
  • UPD: 22:21, 07.09.2020

Гидрогеологтар мердігер компаниялар қолдарына берілген жобаны мүлдем ескермейді деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті қырық жылғы ұңғыманы біз қаздық деп есеп беретіндер де бар екен. Есесіне олар ақша үнемдеп, миллондаған қаражатты қалтаға басады дейді мамандар. Ал жобадан тыс қазылған ұңғыманың кейін біразы келеңсіздікке себеп болуы мүмкін.

Қатонқарағай ауданындағы Қайыңды ауылы – ең шалғай елді мекендердің бірі. Мұндағы халық талай жыл ауызсу тапшылығын көріп өткен жылы әупірімдеп оған да қол жеткізіпті. Тұрғындар тіршілік нәрінсіз қалай қиналғандарын әлі ұмыта қойған жоқ.

Мархаба Мәжіренова, ауыл тұрғыны:

– Қыстың күні су болмай қалғанда Бұқтырмадан барып алып жүрдік, содан кейін істемей қалған кезде сол жерден ойып алып жүретінбіз. Қазір құдықтан алып отырмыз.

Дәл осы жұмыстың нәтижелі болуы үшін гидрогеологтар барлау жұмыстарын жүргізген екен. Жоба бойынша құрылысшылар екі жаңа ұңғыма қазу керек болған. Бір қызығы, сондай ауыр шаруаны жұмысшылар бір-ақ күнде аяқтапты. Ал тұрғындардың сөзінше, олар жаңасын қазбай, ескі ұңғыманы реттеп берген.

Бағди Смағұлова, ауыл тұрғыны:

– Қайта қазған жоқ, құдық дайын тұрған, 30 жыл бұрын қазылған. Кеңес үкіметі кезінде салынған құдық болатын. Оған дейін ешкім пайдаланған жоқ.

Семейдің маңындағы Маралды ауылының халқы ауызсуға зар. Мұнда жер асты суларын барлау жұмысы өткен жылы аяқталыпты. Гидрогеологтар барлаудың нәтижесін тәптіштеп түсіндіріп, құрылысшылардың қолына ұстатқан екен. Алайда оның орындалу сапасы көңілдерінен шықпаған. Жаңа ұңғымалар қазылған, бірақ жобада көрсетілген жерден емес. Мұның соңы кейін көптеген келеңсіздікке әкелуі мүмкін дейді сарапшы.

Жарқын Орынбаев, жоба авторы, гидрогеолог:

– Біріншіден, Маралды ауылына су құбырын тартқанда, содан кейін де бұл су құбыры жұмыс істемейді, өйткені су астында қалған. Арнайы есеп алу үшін, яғни жердің су қабаттарының өзінің парамтерлерін алу үшін қазылу керек болған ұңғымалар жоқ. Ол ұңғымалар болмаған, параметрлер дұрыс есептелмеген.

Қысқасы, ұңғыманың жобадан тыс қазылуы су құбырының ұзаруына, түптеп келгенде мемлекеттік қаржының шамадан тыс шығындалуына әкеп соғады.Осындай өрескел қателіктер Таңат, Ремки сынды өзге ауылдарда да кездеседі. Бірінде ұңғымалар әр жер телімінен емес, бір жерден қазылса, енді бірінде суға жақын тұста орналасқан. Сарапшы осылай дегенмен, жобаға тапсырыс беруші тарап ешқандай заң бұзушылық жоқ деп отыр.

Айнұр Ақмырза, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысы орынбасарының м.а:

– Барлық жұмыс жобалық құжаттарға сай атқарылып жатыр. Ол құжаттарда ұңғыма қазудың нақты координаттары көрсетілмеген. Ол ұңғымалар жергілік жердің ыңғайына қарай қазыла береді.

Егер ұңғымалар ретсіз қазыла берсе, жоба жасап, әлекке түсудің қажеті қанша еді деген сұрақ еріксіз туындайды. Биыл Қайыңды ауылы мен Семейдің Маралдысында жұмыс істеген құрылысшылар әлі 62 ауылда ұңғыма қазу керек еді. Алайда олар сот отырысына қатысумен жүр. Бірақ оларға ұңғыма қазуға байланысты емес, мемлекеттік сатып алу барысындағы құжаттарды рәсімдеуге орай жауапсыздық танытқандары үшін айып тағылып отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы