420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы ауылда жеке үй медициналық пунктіге айналған

  • 106
  • UPD: 19:53, 11.09.2020

Қызылорда облысындағы Ақжар ауылына заманауи дәрігерлік амбулатория қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғын саны көбейген елді мекеннің ақ халаттылары жеке үйді медициналық пунктіге айналдырған. Жұмыс орнының жайсыздығына қарамастан, дәрігерлер халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп жатыр. Ауыл жұрты соңғы уақытта емхана ғимаратының тарлығы қатты сезіліп отырғанын айтады.

Бұрын бұл елді мекенде ауылдық аурухана болған. Кейін ғимараты тозып, аурухана жабылғаннан кейін жеке үй медициналық пунктіге айналған. «Содан бері 15 жыл уақыт өтті», – дейді осы ауылдың тумасы Байзақ ақсақал.

Байзақ Төрәлиев, Ақжар ауылының тұрғыны:

– Адамдар кезек күтеді. Бөлменің іші тар. Бәрі сыйыспаса да, соның ішінде тұрады. Ол емдеу процедурасының шарттарына сәйкес келмейді.

Бұл жер бұрынғы асхана, ал қазір науқастарды қабылдау бөлмесі ретінде пайдаланылып отыр. Ал жатын бөлмелерде екпе салынады. Сонымен бірге олар процедуралық бөлме ретінде бейімделген. Қонақ бөлмені ортасынан екіге бөліп, бір жағында аймақтық медбикелер жұмыс істесе, келесі бөлігін күндізгі стационар ретінде жабдықтаған. Осылайша бұрынғы ауыл басшысының 5 бөлмелі үйін ауылдықтар емхана ретінде бейімдеп пайдаланып отыр.

Ауылдық амбулаторияда дәрігерден бөлек 11 медицина қызметкері бар. Олар індет өршіген кезде блок бекетте кезекшілікке тұрып, басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек берген.

Жасұлан Жұбандықов, дәрігер:

– Барлығын үй жағдайында емдедік. Ішке де келгендер болды. Сондай-ақ үйдегі күндізгі стационар деген бар. Көбін солай үйінде емдеп, тәуір қылып шығардық. Ауылымызда коронавирус анықталған жоқ.

Ақжар ауылында 2200-ден астам тұрғын тіркелген. Алайда осыншама халыққа қызмет көрсететін кішкене дәлізі, ұядай кабинеттері бар медициналық пунктіге қарапайым қолжуғыш та жетіспейді.

Нұржамал Тұрсынбаева, Ақжар ауылдық округінің әкімі:

– Ауылымызға Президент Жолдауында айтылғандай дәрігерлік амбулатория қажет. Біз осы мәселеге байланысты тиісті органдарға, аудан әкімшілігіне, Денсаулық сақтау басқармасына өз ұсыныстарымызды хат түрінде жолдадық. Алдағы уақытта осы мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Егін мен мал шаруашылығын ширатып отырған ауылда шағын және орта бизнеске де көңіл бөлген жастар көп. Соңғы жылдары ауыл халқының демографиялық өсімі де оң көрсеткішке ие. «Демек, ауылға өзге де әлеуметтік игіліктермен қатар заманауи дәрігерлік амбулатория салатын уақыт жетті», – деп есептейді ақжарлықтар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы