420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордалық темір ұстасы балаларға ерекше сый жасады

  • 113
  • UPD: 09:33, 12.09.2020

Қызылордалық темір ұстасы балаларға арналған әткеншек, субұрқақ секілді ерекше дүниелер жасаумен дараланып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шөп турап, қалдықсыз жем дайындайтын да құрылғылар ойлап тапқан. Кәсіпкерлік пен ұсталықты ұштастыруға ниетті ауыл тұрғынының бұдан өзге де тың жоспарлары бар.

Бүркітбай Оңалбаевтың ауласы соңғы күндері балалардың бал күлкісінен арылмайтын болды. Оның барлық сыры – мына тоқпен айналатын әткеншекте болса керек. Темірден түйін түйген шебер карантинде қарап жатпай осыны құрастырған. Енді көрші-көлемнің кішкентайлары қызығына тояр емес.

Бүркітбай Оңалбаев, шебер:

– Әткеншекте осы жерде ойнайтын 4 бала отыратын болды,. Оны кейін электрлі қылсам деген ойымда болды. Соны1-2 ай іздендім. Құжаттарын іздеп, жасап шығардым. Енді ойнатайын десем, карантин болды, шығара алмай үй жақта тұр. Қосып қоямыз, үйдің балалары, басқа көршілер келіп, анда-санда ойнайды.

Он саусағынан өнер тамған шебердің ауласында субұрқақ та бар. Карантин кезенде немерелерімнің көңілін аулау үшін осындай қызықты дүниелерді ойлап таптым дейді ол. Темір ұстасының кәсібі жыл бойы үзілмейді. Негізінен ауылшаруашылығы техникаларын жөндейді. Сондай-ақ қалдықсыз мал азығын дайындайтын мынадай құрылғыларды қолдан жасап, шағын шаруашылықтарға сатады.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Мына жоңышқаны осы күйінде төрт түлікке берсеңіз тек жапырағын жейді де, саңылтыры сол күйінде қалып қояды. Ал егер мынадай аппаратта турасаңыз, ұнтаққа айналады және мал оны сүйсініп жейді, ешқандай қалдық та қалмайды.

Шебер алдағы уақытта ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Ол үшін заманауи дәнекерлеу аппараты мен токарлық станок сатып алғысы келеді. Бірақ қаржының жоқтығы қолбайлау болып тұр. 

Нұрлыбек Сайымов, III-интернационал ауылының әкімі:

– Осы Оңалбай Бүркітбай ағамыздың кәсібін әрі қарай дамыту, қолдау мақсатында мемлекеттік грантқа 2 миллион теңге көлемінде құжатын өткіздік. Қаржыны алған жағдайда токарь станоктарын алып, әрі қарай ісін дамытқысы келеді.

Бүркітбай шебер жаңа жыл қарсаңында ауылдың орталық алаңына 3 метрлік шырша орнатуды көздеп отыр. Оны табиғи шыршаға өте ұқсас және тез жиналып, қайта құрылатын етіп жасамақ екен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы