424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның оңтүстік аудандарын газбен қамту жұмысы кешеуілдеп жатыр

  • 154
  • UPD: 21:29, 13.09.2020

Осыдан біраз уақыт бұрын жарияланған Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының ішінде елді мекендерді газдандыру мәселесі де бар еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті облыста бұл міндетті атқарудың арнайы жол картасы жасалып, жұмыс тобы құрылған. Алайда Зайсан ауданындағы мол газ қорын көршілес Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарына тарту жобасы әлі күнге сөз жүзінде қалып отыр. Тіпті Зайсан ауданының өзі әлі толық көгілдір отынмен қамтылмаған.

Осыдан 7 жыл бұрын Зайсан ауданында алғашқы газ алауы тұтанып, алғашқы нысандар өркениет игілігіне қол жеткізе бастаған еді. Содан бері қала мен елді мекендерді газдандыру жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұрын көмір түсіріп, күл шығарып бейнет көрген көптеген тұрғын қазір көгілдір отынның қызығын көріп отыр. 

Ықылас Мұқанов, Қазақстан орта мектебінің директоры:

– Мектебіміз қатты көмір, содан кейін электр қазандықтарымен жылынатын. Биылғы жылы міне, 8 миллион 600 мың ақша бөлініп, газ орнатылды. Біз бұрын жылына 4 миллион ақша жұмсайтынбыз, газ орнатылғалы бері 1 миллион ғана ақша жұмсалады. Бұл үнемдеу өте пайдалы және экологияға да пайдалы, біз көмір қалдығын шығармаймыз.

Бұған дейін аудандағы 9 елді мекен толығымен газбен қамтылса, биыл 8 ауылға газ жетті. Енді Шілікті, Тасбастау, Жалши ауылдарына газ тарту жобасы жасалмақшы.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Зайсан ауданында 36 мың халық тұрады. Өкінішке қарай, олардың 30 проценті әлі күнге көмір жағып, күл шығаруға мәжбүр. Дегенмен жергілікті атқарушы билік өкілдері алдағы 2-3 жылдың ішінде бұл мәселені түпкілікті шешіп, барлық елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуды жоспарлап отыр. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Қуаныш Тұрсынханов, Зайсан аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бүгінгі күні 8 елді мекенге газ жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр және ішкі желілерін тартуға бюджеттік өтінім жасалды. Сонымен қатар Зайсан қаласы толығымен газданды деуге болады. Ол да 3 кезеңнен тұратын, қаланың іші 1-кезең бітті. Биылғы жылы 3-кезең газдандыру құрылысы басталып, жүзеге асырылып жатыр. Барлық ауданды газбен қамтамасыз ету алдағы 2-3 жылда толығымен жүзеге асады деген жоспар бар.

20 мыңға жуық тұрғыны бар аудан орталығы Зайсан қаласында да 185 үй газға қосылмаған. Биыл олардың мәселесі де шешімін тауып, көгілдір отынға қосу жоспарланып отыр.

Марат Далабаев, зейнеткер:

– Былтыр 14 тонна көмір жаққанмын, қалғанын көріп тұрсыздар. Бұл өркениетке қол жеткіздік, енді ел қатарлы біз де газ жағып көгілдір отынның қызығын көреміз, қуанышта шек жоқ. Күршім, Тарбағатай, Өскеменнің өзі қайда жатыр, бізден кейін сырғи берсе. Олар да қызығын көрсе.

Серік Оразбеков, газ таратушы мекеменің өкілі:

– Көрші аудандарға тартылу керек деп ойлаймын. Өйткені былтыр көршілес Тарбағатай ауданының 10 ауылына жоба жасалмақшы болып, қаражат бөлінген. Енді белгісіз себептермен әлі осы уақытқа дейін тоқтап тұр. Бәрі сол қаржыға тіреледі. Ал негізі біз өзіміздің мердігер компанияларымыз бар, ол уақытында жоба жасалса, тартуға біз әзірміз, дайынбыз. Оны ешқандай кешеуілдетуге болмайды деп ойлаймын.

Көрші өңірлерге Зайсан газын тарту жобасы бірнеше жылдан бері әзірге тек сөз жүзінде қалып отыр. Сондықтан Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарының тұрғындарына бұл игілік туралы армандаудан басқа амал жоқ болып тұр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы