421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да жүк көліктерінің кесірінен жолдар бүлініп жатыр

  • 109
  • UPD: 21:28, 16.09.2020

Еліміздегі автотрассаларды ауыр жүк көліктері бүлдіреді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе аудан мен ауыл арасындағы жолдар әбден тозғандықтан, 40-50 тонналық көліктерге шыдас бермейді. Жолды жөндегенмен жылға жетпей қайта шұрық-тесік болады. Соңғы 8 айда Шығыс Қазақстан облысында шамадан тыс жүк тиеген ауыр көліктерге қатысты 57 әкімшілік хаттама толтырылды. Көлік иелеріне 9 миллион теңгеден аса айыппұл салынды.

Ешқандай құжатсыз ауыр көлікті емін-еркін басқарып жүрген бұл азамат Өскемендегі құрылыс компаниясының біріне цемент жеткізуге шыққан. Тиеп алған жүгінің салмағы да рұқсат етілген мөлшерден әлдеқайда көп. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері жүргізуші куәлігінсіз ауыр көлік басқаратын жүргізушілер анда-санда кездесетінін айтады. Ал ауыр жүкті негізінен кен мен құрылыс саласындағы көліктер тиейді.

Алмас Жанасов, облыстық көліктік бақылау инспекциясының жетекші маманы:

– Осы көлікте 25 тоннадан артық салмақ болмау керек. Бұл көлік 5 тонна артық тиеп алыпты. 30 тоннадай. Машинаның иелері шақырылып, әкімшілік хаттама толтырылады. Мұның айыппұлдары аз емес. Өйткені ауыр салмаққа байланысты төлейді.

Кішкентай айыппұл болмағанмен ауыр жүк көліктеріне иелік етіп отырған ірі компанияларға оны төлеу әлдеқайда жеңіл. Ал көлік жүргізушілерінің жолдың сапасына қатысты өз айтары  бар.

БЛИЦ:

– Асфальтты сапалы етіп төсесін. Еуропада жүк көліктері жүреді ғой. Олардың жолы неге бүлінбейді.

– Әрине бәрі жолдың сапасына байланысты. Бізге жүрме дейді. Сонда жүкті тек жеңіл көлікпен тасимыз ба?

Жаңадан салынған және жөндеуден өткен жолдың сапысына қатысты былтыр ұлттық сапа орталығының зертханасы 800-ге жуық тексеру жүргізіп, 900-ден аса кемшілікті анықтаған. Мердігер мекемелерге 400-ден аса ұсыныс жіберілген. Нәтижесінде жөндеуден өткен облыс көлемінде 1500 шаршы метр жолдың асфальт-бетоны қайта төселген.

Саяхат Мүсәпіров, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының инженері:

– Мысалы, қайта жаңартылған жолға кем дегенде 5 жыл кепілідік беріледі. Жол жобасында ешқандай ақау болмауына. Ауыр жүк көліктерінің әсерінен бұл кеплідік мерзімі азаюы мүмкін. Жаңа жолдардың тез тоуына іеп соғады. Білікке түсетін салмақ 8 тонна берілген.

Берілген салмақтан жүргізушілер артық тимес үшін көліктік бақылау инспекциясы мен жол сапасын қадағалау мекемесінің мамандары осы салаға қатысты заңды қатайтып, талапты күшейтуді ұсынып отыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы