420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында 250-ден астам ауылдық аймақтың әкімін халық сайлайды

  • 51
  • UPD: 23:27, 16.09.2020

Ауыл тұрығындары әкімдерін өздері таңдап, сайлауға дайын.

Алайда басшылыққа әркім бара алмасы анық. Талапшыл, іскер, ұйымдастыру қабілеті мықты адам болса халық неге қолдамасын? Келер жылы Алматы облысында 250-ден астам ауылдық аймақтың әкімін халық сайлайды. Додаға түсетін адамға қандай талап қойылады?

Долан ауылының тұрғындары ауыл әкімін өздері сайлауға дайын. 5 мыңнан астам халқы бер елді мекен қалаға жақын орналасқан. Орталық көшемен күндіз түні көлік жүйткиді. Ауылда бастауыш сынып мектебі де жол бойында орналасқандықтан, ретсіз көлік қозғалысы оқушыларға қауіп төндіреді. Тұрғындардың көптеген шағымдануынан кейін биыл тас жолға көлік жылдамдығын тежейтін белгілер орнатылған. Сонымен бірге ауылда ауыз судың қарқыны бәсең. Жекеменшікке өтіп кеткен су жүйесін ауыл иеліген қайтару қажет деді тұрғындар. Осындай қордаланған мәселенің барлығын у-шусыз атқаруға халық жағдайын жақсы түсінетін адам ғана лайықты болу керек дейді ауылдықтар.

Мақсұт Далабаев, ауыл тұрғыны:

- Басқа жақтан ұсынып жатса да, қолынан не келеді, қандай жұмыс атқарды, халық біліп тұрғаны дұрыс қой.

Нұрқуат Шәпен, ауыл тұрғыны:

- Шығып жатса, ауылдан сайлайды. Халық көтереді, бар ғой азаматтар. Ауылдың қамын ойлайтын жастар бар.

Жазира Жомарт, ауыл тұрғыны:
- Үміткерлер бар. Өзімізден болса жақсы болар еді. Мына жерде амбулатория енді салынып жатыр. Көктемде бітеді деген.

Доландағы амбулатория құрылысы биыл басталды. Жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылы орта мектеп салуға жер бөлінген. Ауыл ахуалының жақсаруы іскер әкімге байланысты. Қолынан іс келетін басшыны халық неге қолдамасын. Алайда әкім болып сайлану үшін үміткердің кемінде 3 жыл мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі болуы шарт. Ал мамандығына шектеу жоқ.

Ләззат Бейсеқұлова, ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы:

- Яғни ауыл әкіміне педагог болса да болады. Ауыл саласындағы маман болса да болады. Сол жұмыс істеп жатқан әкім тіл табысып жұмыс істеп жатқан жағдайда, әрі қарай міндетті түрде істей береді. Әрі қарай өкілеттігі 4 жылға ұзартыла береді.

Жалпы келесі жылы Алматы облысында 253 ауылдық аймақ әкімдері қайта сайланады. Әзірге әкімдерді сайлаудың нақты ережесі жоқ. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің саны қысқаратыны анық. Қысқартуға ең алдымен зейнет жасына жеткен қызметкерлер жатады. Агенттік өкілдерінің айтуынша, жыл соңына дейін 250 мемлекеттік қызмет вакансиясы да жойылады. Ал маман санын қысқарту шешімін мемлекетік мекеменің басшысы қабылдайды.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы