420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Серпіндіктер» сенімді неге ақтамай отыр?

  • 45
  • UPD: 09:11, 17.09.2020

«Серпіндіктер» сенімді ақтамай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

2014 жылы Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы аясында пайда болған «Серпін» жобасының түлектері солтүстік аймақтарға тұрақтай алмай келеді. Мәселен, Көкшетауда білім алған жас мамандардың 2018 жылы 90 проценті қызметке орналасса, былтыр 60 процентке жуығы осы өңірден жұмыс тапқан. Ал биылғы көрсеткіш әзірге бұдан екі есеге аз. Оған не себеп?

Оңтүстіктің тумасы Фариза Қадырбекова – «Серпін» бағдарламасы бойынша университетті биыл ғана бітірген жас маман. Қазір ол Көкшетаудағы техникалық колледждердің бірінде сабақ береді. Оның айтуынша, өзімен бірге оқыған жерлестерінің көбі осы өңірде қалуды қаламаған.

Фариза Қадырбекова, жас маман:

– Менің «Серпін» бағдарламасымен бітірген достарым өз өңірлеріне қайтып кетті. Мұнда жұмыс жоқ дейді. Менің ойымша, іздеген адамға жұмыс әрқашан табылады. Бойыңда бір өнерің бар болса, демек нан табуға болады. Мен де жұмыс іздедім, таптым. Осы колледжде барлық жағдай жасалған. Жағдай жасалып тұрса, неге мен осында қалып жұмыс істемеске? Сол себепті осында қаламын деп шештім. 

Алайда мұндай тұрақты жұмыс бәріне бірдей табыла бермейтіні жасырын емес. Дегенмен аудан, ауылдарда бос орын көп. Бірақ жастардың шалғайға барғысы келмейді. Оның үстіне баспана мәселесі де «серпіндіктер» үшін басты мәселелердің бірі болып отыр. Мұны университет ұжымы да мойындайды. Ал мойнында «қарызы» бар түлектердің өздері жағдайды ашып айтқысы келмейді. 

Айжан Тәжмиева, Көкшетау мемлекеттік университеті жанындағы жұмысқа орналастыру және мәнсап орталығының жетекшісі:

– Биылғы бітірген 202 түлектің 63-і магистратураға түсті. Ал қалғандарының жұмысқа орналасуы жайлы айту әлі ертерек. Өйткені жұмысты енді тауып жатқандар да бар. Дегенмен бұл жерде біраз мәселелер де жоқ емес. Мысалы, кәсіпорындардың көбі еңбек өтілін талап етеді. Ал жұмысқа тұрған күннің өзінде баспанасы мен басқа да әлеуметтік жағдайлары жасала бермейді. Осы жайлы жергілікті билік өкілдерімен бірнеше рет кездесу өткіздік.

Осы мәселелердің бәрі сеп болды ма екен, былтыр әйтеуір еліміз бойынша «Серпінге» деп бөлінген гранттардың 3 мыңдайы игерілмей қалған. Яғни халық көп қоныстанған аймақтағы жастардың солтүстік өңірлерге деген қызығушылығы төмендеп жатыр деген сөз. Ал Көкшетау мемлекеттік университетін аталған бағдарлама бойынша соңғы 3 жылда 700-ден астам жас тәмамдапты. Заң бойынша олар енді осы облыста кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы