427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді

  • 223
  • UPD: 23:06, 18.09.2020

Алдағы бес жылдың ішінде туристік салада 150 инвестициялық жоба жүзеге асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 мың жұмыс орны ашылады. Биыл әсіресе, Маңғыстау өлкесі үшін берекелі жыл болғалы тұр. Жарты жылдың ішінде туризм саласына 68 млрд теңге инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде атауы әлемге таныс қонақ үй салынып, аквапарктер бой көтерді. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Дархан Әбдуахит, тілші:

- Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс. 2018 жылдың тамызында Елбасы өңірге сапармен келген, сол кезде осындай міндет жүктеді. Кейін туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенде Маңғыстау облысы маңдайалды деген 10 аймақтың санатына қосылды. Оның да жөні бар. Себебі бұл өлке табиғатымен де, тарихи-мәдени орындарымен де ерекше.

Ал, көптеген көрікті мекеннің дамуына қолбайлау болып жүрген инфрақұрылым мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Мәселен, мұнда жылы жағажайды дамытуға 17 млрд теңге бөлінген. Бірнеше шақырым жол салынды, тоқ, газ, су жүйелері тартылды. Көп жұмыстың бір нәтижесі – Rixos қонақ үйі. Ала жаздай мұнда ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Кеңес бастамас бұрын Елбасына отельдің мүмкіндіктері таныстырылды.

Ақтау қаласы жағажай туризмінің орталығы болады. Әзірленген бас жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай туристер саны 1 млн 740 мыңнан асады. Елбасының екі жыл бұрынғы тапсырмасы тұтас аймақтағы туризмнің дамуына тың серпін берді.

Каспий теңізінің жағалауын дамытуға шетелдік және жергілікті инвесторлар қызушылық танытып отыр. Кеңес барысында олар жобаның келешегіне сенетінін айтты.

Феттах Таминдже, Rixos қонақ үйлер желісі басқармасының кеңес төрағасы:

- Ақтау бізге жаңа жобаны бастауға мүмкіндік берді. Бұл 500 млн халықтың екі сағаттың ішінде жетуге болатын ең жақын нүктесі саналады. Яғни, Бакуден, Мәскеуден, Дубайдан келіп демалатындар болады. Осы мүмкіндікті көре отырып, инвестиция құйдық. Қазіргі уақытта сырт елдерге саяхаттап жүрген 300-400 мың адамды осы өлкеге тарқымыз келеді. Мұнда келушілердің 60%-і шетелдік туристер болады деп ойлаймын.

Rixos Aktau – аймақтағы іргелі жоба. Инвестиция көлемі 68 млрд теңге. 660 адам жұмыс істейді. Оның көпшілігі жергілікті тұрғындар. Қонақ үйдің құрылысы бірнеше саласының дамуына септігін тигізді. Нақты айтсақ, 140 компаниямен бірге жұмыс істейді. Яғни, мультипликативті әсері жақсы болды.

Екі айдың ішінде бұл қонақ үйге келіп 43 мыңнан астам адам демалған. Әсіресе, тамыз айында аймаққа аялдаған туристердің қатары көп. Амангелді ақсақал Ақтаудың өзінде тұрады. Немересі мен зайыбын ертіп алып, тынығып жүргеніне көп уақыт болған жоқ.

Амангелді Қылышбаев, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Жақында ашты ғой. Карантиннен кейін ашты. Барайық деп, балам путевка алып қойыпты, осыған жіберді. Папасын, мамасын, немеремізбен үшеумізді жіберді. Оның алдында келін баламен демалып келді. Жақсы жер ұнайды.

Бұл өлке тарихи және мәдени ескерткіштерімен танымал. Мемлекеттік тізімде тұрған 590 нысан бар. Ескерткіштерден бөлек, ерекше қорғалатын аумақтар да жеткілікті. Демек, Ақтауға келген мейман тек Каспийге шомылып қайтпауы керек. Маңғыстауда баратын, көретін жер көп. Солардың тізімі бекітілді. Әр аумақтың төлқұжаты әзірленді. Қай кезде, қалай, не үшін баруға болады?! Мұның бәрі төлқұжатта жазылған. Аймақтағы туризмнің жақсарғанын демалушылармен тілдескенде де аңғардық.

Карина Әлімбекова, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Егер шетелдік демалыс орындарымен салыстырып қарайтын болсақ, қызмет көрсету ісінде үйренетін тұстарымыз көп. Ең бастысы, қазақстандық туризмді дамытуға ден қойылды. Бұл әрине, қуанышты жағдай. Алдағы 5-10 жылдың ішінде жергілікті туризм айтарлықтай өркендейді деп сенемін.

Гәкку Амангелдиева, Ақтау қаласының тұрғыны:

- Отбасымызбен демалып жатырмыз, қыздарымыз өте керемет әсер алып, ана жақтан мына жаққа жүгіріп, мәз болып жүр. Егер де біздің Ақтау қаласында ойын-сауық орталықтары көп болса, осындай қонақ үйлер салынып жатса, басқа елге бармай-ақ, өзіміздің елімізде, қаламызда демалуға болады.

Биыл Маңғыстау өлкесі үшін несібелі жыл. Әсіресе, туризм саласындағы іс берекелі. Қомақты инвестиция тартылды, сол инвестицияның арқасында көп жоба қолға алынды. Әлемге әйгілі брендтер келе бастады. Алдағы екі жылда жаңа 4 туристік жоба жүзеге асса, тағы 800 жұмыс орны ашылады.

Қазіргі уақытта алты жергілікті инвестор өз жобаларын жүзеге асыра бастады, бұл жобалардың құны 30 млрд теңге болады. Бұл дегеніміз, қонақ үй мен курорттық сауықтыру кешендері, екі сапар орталығы. Өңірге келген турист қажетті ақпараттың бәрін сапар орталығынан алатын болды. Бұдан бөлек, бұл жерде түрлі қызмет көрсетіледі.

Хабар 24 телеарнасы