428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтаулық тұрғын өзі тұратын көпқабатты үйдің кіреберісін безендірген

  • 268
  • UPD: 14:14, 19.09.2020

Ақтау қаласының тұрғыны кіреберісті өнер галереясына айналдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сергей Наумов өзі тұратын көпқабатты үйдің кіреберісін түрлі қалдықтармен безендірген. Шимай-шатпақ жазуға толы лас қабырғалар бірер аптаның ішінде адам танымастай өзгеріп шыға келді.

Көпқабатты үйдің төртінші қабатына көтерілген тұста шимай-шатпаққа толы қабырғалар аяқталып, өнер галереясына кіргендей күйде боласыз. Бұл кіреберістің өзгелерден ерекшелігі көп. Биік шырша қойылған, қабырғаларға түрлі картиналар, әсем табиғаттың, қарт Каспийдің суреті ілінген. Бұл ғажап туындының авторы – осы үйдің тұрғыны Сергей Наумов.

Сергей Наумов, қала тұрғыны:

Мен алдымен өз пәтерімнің сыртқы қабырғасын әрлеп шықтым. Басқа жердің ағал-жағал болып тұрғаны көңіліме қонбады да, үй қабырғасын түгел безендіруге көштім. Сосын ескірген еденді жаңарттым. Артық ақша да шығарғаным жоқ. Қажетті заттың барлығын құрылыс қалдықтарынан теріп алып, тапқан дүниеммен осы жерді әрлеп шықтым.

54 жастағы Сергей Наумов бос уақытын түгелімен осы кіреберісті жөндеуге арнапты. Жұмыстан келе сала кіріседі екен. Арнайы дизайн бойынша безендірмегенін айтады. Табылған заттарды қолданған. Кафель сынықтарынан түрлі пішіндер құрастырып, еден мен қабырғаға жапсырған. Көршілерінің бұл ісіне кіреберіс тұрғындары мен қонақтары дән риза.

Гавриил Кулеш, қала тұрғыны:

Осы кіреберісте танысым тұрады. Соған келген сайын Сергей Наумовтың жасап жатқан дүниесін көріп кететінмін. Бүгін келсем, керемет галереяға айналдырып тастапты. Таңғалып тұрмын. Бұл барлығымызға үлгілі іс болды. Әрбір қала тұрғыны айналамызды ретке келтіруге атсалыссақ, қаламыз көркейе түсер еді. Біз ең әдемі қалада тұрамыз.

Осылайша Ақтаудағы бесінші шағын ауданда орналасқан 22-үй аз уақыттың ішінде көпке таныла бастады. Автор жөндеу жұмыстарына 1 жыл уақытын жұмсапты.

«Әр адам айналасының әдемі болғанын қалайды. Әдемілік көңіл-күйді көтереді. Көршілерімнің ризалық сезімі мен қуанышты жүзін көру мені шабыттандыра түсуде», – дейді Сергей Наумов.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы