428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде үйдің ортақ шығындар төлеміне қатысты дау шықты

  • 269
  • UPD: 08:57, 21.09.2020

Өскемендегі көпқабатты тұрғын үйдің бірінен тағы да шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы жұрт үйдің күтіміне кететін ортақ шығын ақысын мәжбүрлі түрде төлетіп жатыр деп шағымдануда. Айтуларынша, бұл төлемді өтеуге ешқандай келісім бермеген. Оның үстіне үй күтіміне байланысты мардымды жұмыс та атқарылып жатқан жоқ дейді наразы жұрт.

Қазыбек би мен Есенберлин көшесі қиылысындағы бұл тұрғын үй кешенінде 9 үй, 657 пәтер бар. Арасында жас та, кәрі де, көпбалалы отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлер де тұрады. Алайда жаңа үйдің кем-кетігі көп.

Бұдан өзге де проблемалары шаш етектен. Сондықтан жұмыстан соң кешқұрым жиналған жұрттың айтар арызы шағымы көп болды.

Мәдина Дюзкенева, үй тұрғыны:

- Біздің тұрғын үйдің кемшілігі көп.Міне, есік алдында электр жарығы жоқ. Жол жоқ. Біз әсіресе көктем, күз кезінде ми батпақпен алыстағы аялдамаға әрең жетеміз, өйткені жақын маңда аялдама да салынбаған. Біздің бұрышта орналасқан пәтерлеріміздің сырты қапталу керек болған, ол да сөз күйінде қалды. Қазір жаңбыр жауса, розеткадан су ағады.

Осындай қордаланған мәселеден көз аша алмай жатқанда, олардан үй күтіміне кететін ортақ шығын үшін төлем алына бастаған. Алайда мұны төлеуге әрбір пәтер иесінің қол қойып келісім бергені керек. Бірақ көпшілігі бұдан бейхабар болып шықты. Сондықтан қол қойылған қағаздар жалған жасалды ма деген күмін басым.

Мәдина Енербаева, үй тұрғыны:

- 2017 жылы желтоқсан айында жиналысқа қатысыппыз, қол қойыппыз, мен болсам ақпан айында кірдім, қалай мен 2017 жылы жиынға қатысып қол қоямын.

Нағима Ибрагимова, үй тұрғыны:

- Мен келісім берген жоқпын, қол да қойған жоқпын. Бізден ақша төлеуді талап етсе, келіп жөндесін, бәрін тәртіпке салсын, тазалық жұмысын ұстасын.

Осылайша жұрт түбіртекте «ортақ үй шығыны» деген бағанның қалай пайда болғанын білмей дал. Бір анығы, ол жердегі төлемақы көлемі кейде 100 теңгені көрсетсе, кейде 500, тіпті 8 мың теңгеге дейін жетіпті. Пәтер иелері кооперативінің міндетін атқаратын компания өкілі пәледен басын ала қашты. Сөйтіп жауапкершілікті энергиямен жабдықтаушы компанияға қарай сырғытты.

Владимир Трунов, басқарушы компания директорының орынбасары:

- Біз бастапқыда қандай төлемдер болғанын білмейміз. Тұрғындардың бірі 1,5 мың, екіншісі-6 мың, 8 мың төледік деп жатқанын естідік. Ендеше «Шығысэнерготрейд» компаниясына байланысты сұрақ туындайды. Үйді салып жатқан кезде кеткен мердгер компанияның электр шығындары осы қарапайым халықтың мойынына артылған жоқ па екен?

Ал энергетиктер бұл айтылғандардың тек жартысын жоққа шығарды. Дегенмен үй шығынына кететін ортақ төлемді алуға құқымыз бар дейді. Өйткені үйді салып жалға беріп отырған жекеменшік иесінің шарты сондай.

Айнаш Абдулманова, «Шығысэнерготрейд» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Бізбен осы баспаналардың меншік иесі «Самұрық Қазына Контсракшн» мекемесімен арада өзара толтырылған хаттама бар. Біз сол хаттама күшіне қарай ортақ үй шығыны төлемін алуға құқылымыз. Ал мердігер компанияның үйді салған кездегі электр шығындары тұрғындарға артылды деген сөзге келіспейміз. Ол шындыққа жанаспайды.

Айта кетейік, бұл үйдегі пәтерлерді тұрғындар жекеменшік иесінен жалға алып тұрып жатыр. Кейін меншік ретінде сатып алады. Сондықтан әзірге жалға берушінің айтқанын істемеске амал жоқ.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігбер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы