428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында жұмыссыз және оқуда жоқ жастар саны 10 мыңнан асқан

  • 161
  • UPD: 09:00, 21.09.2020

Қызылорда облысында не жұмыста, не оқуда жоқ жастардың саны 10 мыңнан асып жығылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантинге байланысты қол қусырып қалған жас буын өкілдерінің қатары арта түскен. Жұмыспен қамту орталықтарына тек 3 мың 200 жас тіркелген, қалғандарының немен айналысып жүргенінен салалық органдар бейхабар көрінеді.

Түлектерге университет немесе колледж бітірісімен жұмысқа кірісіп кету қиынға түседі. Себебі ысылмаған шикі өкпе, тәжірибесі жоқ деп жұмыс берушілер жас мамандарды қабылдауға құлықсыз. Математика ілімін меңгерген есеп-қисапқа жүйрік Балмекен Кенжебаева түйіндемесін қолтықтап, 2 ай бойы түрлі мекеменің есігін жағалаған. Содан «Еңбек.кз» порталына жұмыссыз ретінде тіркеліп еді, дереу жұмыспен қамту орталығынан хабарласып, мектепте мұғалім болуға ұсыныс жасаған. Қазір Балмекен 5-6 сыныптарға сабақ беріп жүр.  

Балмекен Кенжебаева, жас маман:

- Қазіргі таңда жұмыс табу қиын десем болады. Неге десеңіз, қанша ізденісті талап етеді. Тест тапсырамыз, сертификат алуымыз керек. Әсіресе педагог мамандығына тұру біз үшін қиын десем болады. Көп бағдарламалардан қалып қойдым. Өйткені сол уақыттарда «Күнделік.кз» жұмыс жасап жатты. Онлайн түрде баға қою оның барлығын мен білген жоқпын. Бірақ мектепке барғаннан кейін аға буынға қарап отырып, мен үйреніп кеттім.

Мемлекет басшысының жолдауында: «Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес» деді. Антикор орталығы соңғы 1-2 жылда мұндай дерек анықталмағанын айтады. Ағымдағы жылы аймақтағы 3 жоғары оқу орнын 2 жарым мыңдай түлек бітіріп шықты. Бірақ университет бітірушілерінің қызметке орналасқаны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Ондай ақпаратты зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қарашада жариялайды екен. Заңгер мен қаржыгер болуға ұмтылатын жастар қазір педагогикалық мамандықтарды жиі таңдайды. Өйткені шалғай ауылдарда оларға деген сұраныс көп.

Бақберген Досманбетов, университет құрылтайшысы:

- Студенттер соңғы кезде дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық, мектепке дейінгі педагогика, бастауыш мектеп саласына көп түсіп жатыр. Себебі ауылдық жерлерде осы мамандықтар қат. Соған байланысты бітірген бойда жұмысқа тұру оңай болғандықтан.

Жоғары оқу орындарымен қатар өңірде 30 кәсіптік-техникалық колледжде 20 мыңнан аса бала оқиды. Орта білім беру ұйымдарынан биыл 7 мыңға жуық түлек түлеп ұшты. Керекті техникалық мамандық меңгерген жастарға сұраныс жоғары болғандықтан, олардың екі қолға бір күрек табуы жеңілірек.  

Бекжан Есенбаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Мемлекеттік бағдарламада колледжді бітіргеннен кейін 1 жылдың ішінде жұмысқа тұру мәселесі 2020 жылы 64% құрауы керек болатын. Бітірушілердің сол 70-75% жұмысқа күтіп отырмыз. Өйткені биылғы маусым айында диплом алып, шілдеде жұмысқа орналаса бастаса, қазір біздің есебімізде сол бітірушілердің 30% көлемінде тұрақты жұмысқа орналасып отыр.

Қолында дипломы бар мамандар қызмет таппай жүргенде маргинал және пробация есебіндегі жастарды жұмыспен қамту мүлдем қиын. Сондықтан мемлекеттік орган өкілдері кейінгі толқын әлеуетін бизнеске бағыттаған дұрыс дейді. Оқытып, тоқытып, жастар стартапын қолдау арқылы кәсіпкерлікті жандандырып әрі жұмыспен қамтимыз дейді жауапты сала мамандары.    

Қуаныш Жанұзақов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда әлеуметтік тапсырыс арқылы 230 жасты құрылыс нысандарына жұмысқа тарттық. Оның ішінде студенттер, дипломын алып жұмыс таба алмай жүрген жастар бар. Былтыр жастар жылында 7 жобаға инвестор тартып, 12 миллион теңге көлемінде жастар жобасына инвестиция тарттық. Биыл 91 жоба жартылай финалдық кезеңге өтті. Ал финалдық кезеңге 17 жоба өтіп тұр. Осы қазан айында инвесторлар алаңын ұйымдастырып 5 жобаны инвестор қолдауына апаруды мақсат тұттық. 

Өңірде «Syr Jastary-2025» жол картасының жобасы әзірленді. 5 жылдық бағдарлама аясында университет және колледж бітірушілерінің 75-80% жұмыспен қамту жоспрланып отыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы