427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандық бақша дақылдарының 600 мың тоннасы экспортқа шығарылды

  • 409
  • UPD: 10:21, 22.09.2020

Биыл Түркістан облысының диқандары 1,5 млн тонна қауын-қарбыз жинады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 600 мың тоннасын шетелге экспортқа шығарды. Бірақ баға жылдағыдан екі-үш есеге жоғары болды. Қауын-қарбыз бағасының қымбат болуына карантиннің әсері болды ма?

Бұл – Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылының диқандары. Жер емген шаруалар биыл ерте көктемде 150 гектар алқапқа қауын еккен. Тәтті түйір бітік шығып, қазір диқандар әр гектардан 20 тоннадан өнім алуда. Алыпсатарлар дайын өнімді алқап басынан сатып алып, жүк көлігімен көрші Ресейге жөнелтіп жатыр. Баға жылдағыдан жоғары болғандықтан, кеткен шығынды еселеп қайтаруда.

Ербол Мүтәшев, диқан:

– Биылғы жылы диқаншылық өте жақсы. Өзбек ағайындар егетін еді. Биыл олар карантинге байланысты келе алмады. Егуді өзіміз үйрендік. Жылдағы алатын өнімге қол жеткізіп жатырмыз. Биылғы баға өте жақсы.

Нұржан Тұрашев, диқан:

– Қауынның келісі 150-160 теңгеден болып жатыр. Ресейге сатылып жатыр. Карантин кедергі болып жатқан жоқ. Жалпы сақтық шараларын қолданып істеп жатырмыз ғой.

Мамандар биыл қауын-қарбыз бағасының көтеріңкі болуын қауіпті вируспен байланыстырады. Себебі жылда бұл уақытта біздің елдің нарығын көрші Өзбекстанның арзан бақша дақылдары жаулап алатын. Бізге қарағанда олардың қауын-қарбызы 10-15 күнге ерте піседі. Сондықтан жергілікті шаруалар өз өнімін төмен бағамен саудалайтын. Алайда биыл карантинге байланысты көрші елмен шекаралар жабық болғандықтан, жергілікті шаруалар бағаны көтеріп отырғанын айтады.

Әлібек Плалов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Пандемия мен карантинге және көрші елдерде бақша дақылдарының аз егілуіне байланысты қазіргі таңда баға жоғары болып тұр. Импортты азайттық. Біз экспортқа көп өнім шығаруға жағдай жасап жатырмыз.

Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы саласының кез келген түрін дамытуға өте қолайлы аймақ. Биыл өңір диқандары 62 мың гектар алқапқа бақша дақылдарын егіп, одан 1,5 млн тонна қауын-қарбыз жинады. Оның 600 мың тоннасын көрші мемлекеттерге экспортқа шығарды. Бүгінгі күні жиын-терім жұмыстары 95%-ке аяқталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы