428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық студенттер әскери комиссариаттың жұмысына шағымданды

  • 187
  • UPD: 00:13, 23.09.2020

Олардың айтуынша, медициналық тексерістен өту қиындық тудырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі әскери кафедраға түсу үшін комиссариаттың тиісті шешімін күтіп жүргендер.

Бұл елордадағы әскери комиссариат алдында болған бүгінгі қарбалас. Медициналық тексерістен өтуге келген студенттер ғимарат ішіне кіре алмай, ұзын-сонар кезекте тұр. Ал ниеттілер саны жүздеп саналады.

Олеся Гитерман, ата-ана:

– Кеше бұл жерде шамамен 150 адам болды. Ұзын-сонар кезектің кесірінен балалар арасында кикілжің туып, соңы төбелеске ұласа жаздады. Әскери комиссариат тарапынан еш көмек жоқ. Кезекті өзіміз реттеп тұрмыз. Әркім хал-қадірінше ішке кіруге ұмтылады. Соңғы келген адамның кезектің алдына шығып кетуі де ғажап емес.

Студенттердің айтуынша, комиссариаттың медициналық тексерісі түскен кейін басталады. Жұмыс кестесі де қолайсыз. Бар болғаны 3-ақ сағат уақыт бөлінеді.

Айдын Әбдуәлиев, студент:

– Күн суық, таңертеңнен кешке дейін тұрған қиын. Өздері 2-ден 5-ке дейін тұрсын дейді. Күн сайын 500 студент келеді. Арақашықтық жоқ, соның кесірінен жартысы да кіре алмайды. Кейбіреулері кіріп кетеді. Бұл дискриминация.

Ескендір Аманкелді, студент:

– Осында 2 аптадан бері келіп жүрмін. Уақытым бос өтіп жатыр десем болады. Досым екеуіміз өздігімізше кезек ұйымдастырғымыз келді. Бірақ ол ойымызға ешкім құлақ асқан жоқ.

Бұл мәселеге Қорғаныс министрлігі де жауап берді. Қалыптасқан жағдайға байланысты ондағылар комиссия жұмысын 25 қыркүйекке дейін ұзартқан. Бірақ күнделікті қабылдау мерзімі өзгермейді. Бұған да сол, карантиндік талаптар себеп дейді министрлік өкілдері.

Ғани Нүсіпов. ҚР қорғаныс министрлігі ақпарат және коммуникация департаментінің өкілі:

–Әскери кафедраға оқуға түсетін студенттердің медициналық куәлендіруден өтуі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылған. Кандидаттардың жаппай жиналуын болдырмау үшін олардың үй-жайда болуын шектей отырып, әлеуметтік қашықтықты шектеу шаралары қолданылады. Медициналық куәлендіруден өту мерзімі 2020 жылдың 25 қыркүйегіне дейін белгіленген. Сондықтан барлық үміткерлерге медициналық комиссиядан өтуге уақыт бар.

Осылайша, студенттер медициналық комиссия жұмысының уақыты ұзартылмаса, әскери кафедраға құжат тапсырып, үлгермей қаламыз ба деп алаңдайды. Әзірге, құзырлы орган тарапынан бұған қатысты тиісті шешім қабылданған жоқ.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы