427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сан қилы тағдыр тоғысқан

  • 734
  • UPD: 10:30, 01.10.2020

Бүгін қарттар күні. Бұл аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне ризашылық білдіріп, ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн.

Семейдегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратын қариялардың тағдыры сан қилы. Интернатта тауқыметке мойымай қол ұстасып, отбасын құрып жатқандар да аз емес. Олардың өмірге деген құштарлығы өзгелерге үлгі. Орталық тұрғындары қоғамдық жұмыстардан қалмайды. 

Қыдырбек Нұртазинов, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны:

- Би болады мында, концерттер болып тұрады. Сонда кездесіп, билеп, бір-бірімен танысып жатады. Ол да кішкентай болса да көмектеседі ғой, жалғыз өзі қайғырып отырғанша. Мен енді мүгедек болдым, мен енді осында түстім деп түңілмейсің ғой. Бір-бірімізге сеп болайық, көмектесейік деп. Міне үй берді, осында тұрып жатырмыз.

Руфия Гимильдинова, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны:

- Жомарт жан екен, өзі мейірімді. Кездесіп, бір-бірімізді жақын тани түстік. Әңгімеміз жарасып, отбасын құруды жөн деп таптық. Жалғыздық Құдайға ғана жарасады демекші, қасыңда жаныңды түсінер жан болғаны қандай жақсы

Бағира апай мен Советхан ақсақал да 8 жылдан бері бірге өмір сүріп келеді. Олар да осындағы мерекелік концертте табысыпты. Қазір орталықтағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүреді. Мына қолдан тоқылған бұйымдар жетімдер үйіндегі жеткіншектерге жіберіледі екен. Жүректен жүрекке жылу сыйлап келе жатқан бұл ұйымға да 20 жыл толыпты.

Лариса Исаева, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғыны:

- Бұл жұптарға қарап, шынында да қайран қаласың. Олардың қайсар мінезі мен өмірге құштарлығы кімге де болса үлгі. Біздің орталықта 20 жылдан бері «Әжелер балаларға» деп аталатын волонтерлар клубы жұмыс істейді. Бұл бастама алғашында шұлық тоқып жетімдер үйіне апарудан басталды. Қазір ұйымға мүше болғысы келетіндер көбейді.

Қазір орталықта әр түрлі 13 клуб жұмыс істейді екен. Ең бастысы қариялар мен жарымжан тұрғындардың бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізуге жағдай жасау дейді қызметкерлер. Содан да болар жасы ғасырға таяғандар аз емес екен мұнда. 

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы