430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкарал бөгетіне балық қорғау қондырғысы орнатылды

  • 216
  • UPD: 09:53, 01.10.2020

Биыл Арал теңізі мен Сырдария өзеніне 15 миллионнан астам шабақ жіберілді. Бұл жылдағы үрдіс. Алайда сол теңіз байлығын сақтап қалу мәселесі де талай жылдан бері өзекті болып келген. Биыл Көкарал бөгетіне балық қорғау қондырғысы орнатылды. ТМД елдері арасында алғаш Арал теңізіне қойылған жаңа технология қаншалықты тиімді? Нұрлан Жақыпбеков тарқатып айтсын.

Қамыстыбас балық питомнигі Арал теңізі тартыла бастағанда балық қорын сақтап қалу үшін салынған. Содан бері жарты ғасырдан асты. Жыл сайын уылдырық шайқап, миллиондаған дернәсілді шабаққа айналдырып, теңіз байлығын толтырып келеді. Алайда биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі күрт азайып кетіпті. Ал мамандар питомник қуаттылығын еселеп арттыруға мүмкіндік бар,-дейді

Айдос Есепбаев, балық питомнигі директорының м.а:

- 2019 жылы 283 млн. теңге бөлінген. Биыл енді одан аздау бөлінді. 263 млн теңге бөлінді. Негізі біздің бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге қуаттылығы бар мекеме. Жалпы 18 миллиондай жаздық шабақ өсіруге қуаттылығы жетеді. 

Қаржысы аз болса да, мүмкіндігі мол питомниктен жыл сайын бір және екі жаздық шабақтар сүзіліп, су айдындарына жіберіледі. Әр шабақ орта есеппен 20, 25 грамм тартуы тиіс. Арнайы құрылған комиссия бұл жолы да су маржандарының салмағы мен санын саралап алды.  

Марат Нұрмағанбетов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары

- Балық қорының өсімін молайту мақсатында жыл сайын осы Қамыстыбас балық питомнигінен 14 млн 800 мың дана 1 жаздық және 420 мың дана 2 жаздық тұқы және өсімдік қоректі балық шабақтары өсіріліп, барлығы 15 млн 220 мың дана шамасындағы балық шабақтарының 52 пайызы Сырдария өзеніне, қалғаны Кіші Арал теңізіне жіберіледі. 

Жыл сайын миллиондаған шабақты теңізге жібергенмен, мыңдаған тонна балықтың қырылып қалу қауіпі де бар еді. Кіші Арал теңізін сақтап қалу үшін 14 жыл бұрын САРАТС жобасы аясында Көкарал бөгеті салынғаны белгілі. 13 шақырымдық тоспа кіші теңізді – «өлі теңізден» бөліп алды. Алайда алып құрылыс аясында балық қорғау қондырғылары орнатылмаған болатын. Биыл Германия мемлекетінің қаржысы есебінен, айтулы бөгет алдына гидроакустикалық қондырғы қойылды.   

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Су астындағы дыбыс ұлғайтқыш динамика міне осы. Бұның әрқайсының дауысы 6 метр радиусқа дейін әсер етеді екен. Мына Көкарал бөгетіне әрі қарай балық өтіп кетпеуі үшін осы қондырғылар қойылған. Өйткені мына бөгеттің ар жағында «өлі теңіз», яғни ол жақтағы судың тұздылығы өте жоғары.

Мамандардың айтуынша, жылына 4 мың тоннадай балық сол жақа өтіп кетіп, кері орала алмайды екен. 

Жақында іске қосылған жаңа қондырығының қауқарын мамандар сынап көріп жатыр. Алайда сең жүрген уақытта қалқымалы пантонға орнатылған құрылғыны уақытша жиналып алуға тура келеді. Демек балық қорғау мәселесі толық шешімін тапты деуге әлі ерте сыңайлы.

Тынысбек Барақбаев, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Арал филиалының директоры:

- Енді қазіргі уақытта күн салқындаған кездегі балықтарға әсер ету мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Дауылдардың салдарынан енді кішкене аппараттарды сөндіріп, ажыратқан уақытта балықтардың арғы бетке өткені байқалады. Себебі арғы жақтан құрылған ауларға балқтардың түскенін біз байқадық, эксперимент барысында.

Ғалымдар балық үркіту қондырғыларын жылдың төрт мезгіліне де қолайлы етіп, оңтайландыру жағын да ойластырып жатыр. Соның бір нұсқасы – суасты дыбыс ұлғайтқыштарын теңіз түбіне бекіту. Соңғы шешім арнайы кешенді шерттеу шараларына кейін белгілі болмақ. 

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы