428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысындағы шалғайда жатқан шағын ауылда пальма өседі

  • 324
  • UPD: 11:31, 03.10.2020

Сай-өтестегі мектеп жанынан ашылған жылыжайда тропикалық өсімдіктің 74 түрі жайқалып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шөлейтті жерді жасыл баққа айналдырған мектеп ұжымы емдік өсімдіктерді де өсіре бастады. Жақында қызыл раушаннан «Қырдың хош иісі» деген атаумен иіссу жасап шығарыпты.

Пальма, фикус, лимон, жүзім сынды Маңғыстауда өспейтін тропикалық ағаштардың барлығын осы жылыжайдан кездестіруге болады. 2007 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін өсімдіктің бірнеше түрін мекеп мұғалімдері мен оқушылары күтіп баптап келеді. Арай Самалықова ботаникалық үйірмеге 3 жылдан бері келіп жүр. Жасыл-желектің пайдасы зор, лас ауаны сорып, оттегі бөліп шығарады. Алдағы уақытта осында өскен ағаштарды бүкіл ауылға отырғызуды көздеп отырмыз, біршамасы сынақтан өтіп жатыр дейді ол.

Арай Самалықова, 8 сынып оқушысы:

– Маңғыстау ауданын білесіздер, шаңды жер, өсімдік жоқ, сол себепті біз осы жылыжайымыздың ғана емес, ауылдың да өсімдігін дамытуға кірістік. Қаладан болсын, басқа жақтан болсын тұқымды әкеліп, еге бастадық. Қазіргі таңда осындай жағдайға жетті. Біз демалыс күндері күтіп, баптаймыз.

Ботаникалық үйірмеге 100-ге жуық оқушы қатысады. Басым бөлігі – түрлі байқаулар мен олимпиада жеңімпаздары. Олар жылыжайда ғылыми жұмыстар жүргізеді. Жақында қызыл раушаннан «Қырдың хош иісі» атауымен иіссу жасап шығарыпты. Емдік заттарға қажетті алоэ, кактус гүлдерін де өсіре бастаған.

Саясат Кемалова, биология пәнінің мұғалімі:

– Косметикалық бағытта қыз балаларға арналған түрлі лосьондар, әжімге қарсы жасартатын жақпа майларды жасауды дамытып жатырмыз. Оқушыларға қазіргі таңда үйретіп жатырмыз. Олардың барлығы біздің розаның күлте жапырақшаларынан жасалады. Кептіріп, бұдан шай, тосап жасауға болады.

Құмды жерді басып өтіп, жылыжайға кіргенде өзге әлемге енгендей күй кешесіз. Мұнда тропикалық ағаштардан өзге көкөніс те өсіріледі. Карантинге дейін мұнда өскен қияр мен тәтті болгар бұрышын асханада оқушыларға берілетін тағамдарға пайдаланған. Ал бөлме гүлдері мектептің ішіне әр беріп тұр. Мектеп ұжымы демеуші табылса болашақта ғылыми зертхана ашып, жылыжайды кеңейтуді көздеп отыр. Бұл жоба ауыл балаларының экологиялық мәдениетін қалыптастырып, өңірді жасыл-желекке бөлеуге мүмкіндік бермек. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы