428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тауға кетіп оралмаған альпинистерді әріптестері мен туыстары еске алды

  • 272
  • UPD: 23:35, 03.10.2020

Бүгін шыңды бағындырамын деп тауға кетіп оралмаған альпинистерді еске алу күні, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерік-жігері күшті, қайсар жандар талай мәрте шың бағындырды. Тау басына көк байрақты тікті. Бірақ қауіпті спортты серік еткендердің талайы тауда қар астында қалды. Альпинистерді еске алу үшін әріптестері мен туыстары Іле Алатауының етегіндегі азаматтардың есімі жазылған мемориалдық тақташалардың маңында жиналады. Бүгін де бұл жерге адам көп келді.

Алуа Маханбет, тілші:

- Қазақстандық альпинистер қазан айының алғашқы сенбісінде дүниеден өткен әріптестері мен достарын еске алу үшін тауға шығады. Бұл дәстүрдің пайда болғанына да 20 жылдан асты. Ал, мына мемориалдық тақта «Тұйық-Су мұздығының қақпасы» деп аталатын жерде орналасқан. Мұнда жүздеген адамның есімі жазылғанымен, олардың сүйектері бұл жерде емес. Шыңға қарай ұмтылған альпинистер Гималаи, Қарақорым, Тянь-Шянь, Памир тауларынан қайта оралмаған.

Қазыбек Уәлиев, ҚР Альпинизм және спорттық шыңға шығу федерациясының бас хатшысы:

- Көптеген альпинистер үйіне аман-есен оралған жоқ. Тіпті олардың сүйектері табылмады. Қар көшкіні астында оларды табу мүмкін де емес. Сондықтан оларды еске алып, есімдерін ұмытпау үшін осындай тақтайлар орнаттық.

Алуа Маханбет, тілші:

- Ал, мынау белгілі альпинист, еңбек сіңірген спорт шебері Анатолий Букреевке арналған тақташа.

Қазақстандық альпинист өз ғұмырында әлемнің асқар шыңдарын бағындырды. Эвересттің басына бірнеше рет шыққан Букреев тау басында талай адамды құтқарды. Оның ерлігі мен қайсарлығын әлем мойындады. Шыңға шығу оңай, ал одан түсу қиын дейтін альпинист 1997 жылдың желтоқсанында Аннапурну шыңынан оралмады. Экспедицияға шыққан Симоне Море, Анатолий Букреев және Дмитрий Соболев қар көшкіні астында қалды. Қазақстандық екі альпинистің денесі сол күйі табылмады. Ал, аман қалған итальяндық Симоне Море өзін тәнті еткен Анатолий Букреев жайында кітап жазды. Жуырда бұл кітап орыс тіліне аударылып, басылып шықты.

Адина Имашева, кітап аудармашысы:

- Батылдық пен ерлік суреттелген бұл кітапты мен итальян тілінде оқыдым. Кітаптың жарық көргеніне қаншама жыл өтсе де, қазақстандық азаматтардың дені онымен таныс емес екен. Сондықтан өзіміздің жерлесіміздің ерлігін әрбір қазақстандық білу керек деген оймен оны аудару жұмысына кірісіп кеттім.

«Аннапурна көгіндегі комета» атты бұл кітап алдағы уақытта қазақ тілінде де жарық көреді.

Авторлары: Алуа Маханбет, Григорий Беденко

 

Хабар 24 телеарнасы