428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Үкіметтен көмек жоқ». «Виллебранд» ауруына шалдыққан науқасқа қаржы керек

  • 214
  • UPD: 23:36, 07.10.2020

Бақытжан Нұрғызова бірнеше жылдан бері денсаулығына байланысты көмек сұрап бармаған жері, баспаған тауы қалмапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда «Виллебранд» ауруына шалдыққан азаматшаға Үкімет ешқандай қолдау көрсетпей отыр. Бақытжан не себепті мұндай жағдайға душар болды?

Бақытжан Нұрғызова елімізде «Виллебранд» диагнозымен ауырған жалғыз науқас екен. Осыдан 24 жыл бұрын соқырішек болып ауруханаға түскен. Дәрігерлер операциядан кейін Бақытжанның ішінде қайшы қалдырып кеткендерін білмеген. Келесі күні тағы операция жасалады. Міне, осы жағдайдан кейін Нұрғызова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым дейді.

Бақытжан Нұрғызова, қала тұрғыны:

– Сол соқырішектен кейін маған 6 рет операция жасалды. Жатырды, аналық бездерді алып тастаймыз деп инфекция түсірді. Соның кесірінен тромбоцитопениясы бар «Виллебранд» ауруына шалдықтым. Өйткені инфекция ағзаға түскен. Менде тромбоциттер төмен.

«Виллебранд» – өте сирек кездесетін ауру. Сәл ғана қолыңды кесіп алсаң немесе тісіңді жұлдыратын болсаң қан тоқтамайды. Қазір 54 жастағы Бақытжан Нұрғызова – екінші топтағы мүгедек. Соған қарамастан барлық ем-домды өз қаржысына алып жүрген жайы бар. Өйткені оның сырқаты Үкімет беретін тегін медициналық көмекке кірмейді екен. Яғни «Виллебранд» квота бөлінетін аурулардың тізімінде жоқ.

Бақытжан Нұрғызова, қала тұрғыны:

– Маған Германияға бару керек болды. 2015 жылы сол елде болдым. Одан кейін мені 2015 және 2017 жылы плазмофорез жасауға тағы шақырды. Ағзама түскен инфекцияны тазарту үшін. Алайда маған Үкімет квота бермеді. Айтқандары, менің ауыруым тегін берілетін медициналық көмек тізіміне енбейді екен.  

Міне содан бері, мемлекеттік мекемелердің табалдырғын тоздырып келемін. Депутаттарға, министрге, әкімдерге де хат жаздым. Бірақ көмек қолын созған ешкім болмапты.

Бақытжан Нұрғызова, қала тұрғыны:

– Енді министр Цой мырзаға мұңымды жеткізгім келеді. Қабылдауына жазылдым. Бірақ әлі жауап жоқ. Осы мәселені шешіп берсе деймін.

Бақытжан Нұрғызованың денсаулығы күннен күнге нашарлап барады. Ал дәрілері қымбат. Уақтылы емделу үшін баспанасын да сатуға мәжбүр болған. Қазір пәтер жалдап тұрады. Соған қарамастан басына түскен қиындықпен өмірімнің соңына дейін күресем дейді ол.

Авторлары: Жандос Айбайұлы, Григорий Беденко, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы