429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық көбейген

  • 157
  • UPD: 09:15, 09.10.2020
Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық көбейген

Құқық қорғаушылардың айтуынша, балаларға зәбір көрсету дерегі азаймай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елде жастар және жасөспірімдер ісімен айналысатын 18 мемлекеттік мекеме бар. Үкіметтік емес ұйымдар да жеткілікті. Алайда, отбасында зорлық-зомбылық көретін әйел мен бала  тиісті деңгейде қорғалмай отыр. Әсіресе, карантин кезінде тұрмыстық қылмыс бірнеше есеге өскен.

Сәуле шиттей 4 баласымен Жезқазғаннан көшіп келген. Біреудің бір бөлмелі жер үйін жалға алып тұрып жатыр. Кенжесі кішкентай болғандықтан, жұмысқа шыға алмайды. 2 үлкен баласы Жезқазғанда әкесінің қасында қалыпты. Алты балалы ананың бас қалаға көшуінің себебі бар. 16 жыл бірге тұрған жолдасы араққа салынып, бала-шағасының берекесін қашырған. Сәулеге қазір заңгердің көмегі керек. Себебі ажырасу және мүлік бөлу мәселесінде қиындық туындаған.

Сәуле, көп балалы ана:

- Наурыз, сәуір, мамыр айлары өте қиын болды. Ол вахталық әдіспен жұмыс істейтін. Демалысы ұзаққа созылған кезде мазасы кетті. Балалар да онлайн сабақ оқып жүрді. Ол көбінде арақ ішіп жүрді. Өзім ажырасу туралы ойлаған да жоқпын. Осы жылдар ішінде психологиялық тұрғыдан қысым жасаса да, мен төзіп жүрдім. Мені бір күнде балалармен бірге тәтемнің үйіне апарып тастады.

Жалпы, ел бойынша жыл басынан бері полицияға отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 130 мыңнан астам шағым түскен. Оның 3 мыңға жуығында қылмыстық іс қозғалған. 30 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Құқыққорғаушылардың айтуынша, шағымданған әйелдердің көбі арызын кері қайтарып алады. Таяқ жесе де, төзіп үйренгендер күйеуін кешіруге дайын тұрады. Ал ата-ананың арасындағы ұрыс-керіс зардабы балаға тиеді. Сәуле де 2 баласынан жыраққа кетіп, қалған төртеуін өзі бағып отыр.

Анна Рыль, «Қорғау Астана» қорының жетекшісі:

- Биылғы жылы балаларға қатысты қылмыс көбейіп кетті. Өгей әкенің, ананың, тіпті өз әкесінің тарапынан қысым, зорлық-зомбылық көру дерегі өсті. Үлкендер өз арасындағы проблемасын шешеміз деп жүргенде, бала соның зардабын тартады. «Шанс» орталығына балалардан түсетін шағым көбейді. Олар ата-анасының ішетінін айтады. Біреудің тиісетінін хабарлайды. Қазір ақпараттық заманда, балалар өздері хабарлап үйренді.

Карантин кезінде елорданың өзінде отбасындағы қылмыс 50 процентке көбейген. Зәбір көрген әйелдердің 90 процентін мас күйеуі сабаған. Мұндай отбасыларын полиция арнайы есепке алады.

Нэлля Дощанова, қалалық ПБ ЮПБ бастығы:

- Елордада мұндай 200 отбасы бар. Ол отбасыларында 400-ден астам бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері 150 отбасы есепке қойылды. Әр тоқсан сайын олардың жағдайын біліп, тексеріп тұрамыз. Одан бөлек, арыз-шағым түссе, учаскелік полиция тексеруге барады.

Қазір елімізде Сәуле сияқтыларға көмек беретін 41 дағдарыс орталығы бар. Ондаған әйел аналар үйін паналап жүр. Мысалы, елордадағы балаларды қолдау орталығына өткен 9 айда 36 отбасы көмек сұрап келген. 14 отбасы балаларын уақытша осы орталықта қалдырған. Жасөспірімдер жарты жылға дейін осында тұра алады. Олардың құжаттары дұрысталып, балабақша мен мектепте орналастырылады. Ата-анасы жағдайын түзеп алғаннан кейін, баласын алып кетеді.

Хабар 24 телеарнасы