427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Шемонайха ауданында жиырма жыл бойы мәдениет үйі болмаған ауыл бар

  • 131
  • UPD: 22:04, 13.10.2020

Биыл тұрғындар көптен күткен игілікке қол жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әкімдік ауыл бюджетін жаратуда жергілікті жұрттың пікіріне құлақ асты. 4 миллион теңгеге ескі ғимаратты сатып алып, жаз бойы оған жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жақында мәдениет үйі есігін айқара ашты.

Первомайлық бүлдіршіндердің қазір әр күні қызықты. Бұрын үй мен мектеп арасында ғана жүрген балалар енді бос уақыттарын осы жерде өткізеді. Өйткені үйренер нәрсе көп. Бірі кәдімгі газет беттерінен себет, гүл тоқуға, енді бірі сурет салудың қыр-сырына әуестеніпті.

Алина Колмогорова, мектеп оқушысы:

– Бүгін мұнда алғаш рет келдім, декоративтік өнер деген ұғыммен таныстым. Керемет, қатты ұнады. Енді одан да қызықты нәрселер үйренемін деп ойлаймын.

Президент қыркүйектегі жолдауында балалар үйірмелерін дамытуды тапсырды. Осы арқылы өскелең ұрпақтың қаптаған заманауи жетістіктері арасында қолөнер мен шығармашылықтан ажырап қалмауын меңзеді. Первомай ауылындағы мәдениет үйінің көздегені де осы.

Әзірге мұнда онға жуық үйірме бар. Жоспарланған мәдени шаралар да көп.Тек карантиндік талаптар ғана белсенді ұжымға кедергі келтіруде.

Юлия Эрдман, мәдениет үйінің бас маманы:

– Біз тек 30 адамға дейін ғана қабылдай аламыз. Өйткені карантиндік талаптарды сақтауымыз керек, үлкен би кештерін де шегеріп отырмыз. Әйтпесе келгісі келетіндер көп. Ұзақ үзілістен кейін мәдени өміріміз жанданды. Әркім жаны қалаған үйірмеге жазыла алады.

Ауылға аттай 20 жылдан соң мәдениет үйінің орлауына тұрғындар атсалысқан. Екі жыл бұрын жергілікті қауымдастық белсенділері ауылдық бюджетті жаратуға қатысты өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.Сол кезде халықтың көпшілігін жастар мен балалардың бос уақыттарын тиімді өткізу мәселесі алаңдатқаны анықталған.

Жанат Тастенова, Первомай ауылдық округі әкімінің орынбасары:

– Ауылдық округтің мәдениет үйінсіз отырғанына 20 жыл. Екі жыл бұрын бізде бюджеттік қаржыны жұмсауда халық пікірі ескерілді. Сол кезде ең алғашқы жиында-ақ осы мәдениет орталығын ашу туралы шешім қабылданды.

Сөйтіп «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 23 миллион теңгеге ғимараттың терезесі мен төбесі және бірінші қабаты жөнделген. Ендігі жазда екінші қабатын әрлеп, орталық кітапхана мен хореографиялық мектеп ашу жоспарланып отыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы