428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында жүк көліктерге 33 млн теңге айыппұл салынды

  • 79
  • UPD: 23:08, 17.10.2020

Ауыр көліктер шамадан тыс жүк артады. Бұл жолға салмақ түсіреді. Сөйтіп қыруар қаржы жұмсалған асфальттың аз күнде сау тамтығы қалмайды. Осыны тоқтату мақсатында құзырлы органдар жүргізетін рейдтік тексерулерге енді белсенді азаматтар да араласа бастаған.

Жалпы Маңғыстау облысында өткен 9 айда көліктік бақылау инспекторлары 1207 жүк көлігін тоқтатып, салмағын тексеріпті. Нәтижесінде жүк тасымалдаушыларға 33 млн 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Осындай бір қоғамдық бақылау «Жетібай-Жаңаөзен» бағытындағы трассада жалғасты. 

Қарақия ауданына қарасты Жетібай ауылының маңында ұлутас шығаратын кеніш көп. Бағасы арзан әрі берік материал тұрғын үй құрылысына қолданылады. Жүк машиналары осы жерден тиеп алып, аймақтың барлық елді мекендеріне тасымалдайды. Сұраныс жоғары болғандықтан жүк тасымалдаушылар тасты мейлінше көбірек тиеп алуға тырысады. 

Әдетте ауыр машиналардың жүк көтеру қауқары 16 тоннадан басталады. Бүгінгі рейдте көліктік бақылау инспекторлары тоқтатқан бірнеше көліктің 10 тоннаға артық салмақта тас тиеп алғанын көрдік. Осыншама массадан жолдың ертелі-кеш бүлінері анық. Заң бұған тұлғаларға хаттама толтырылып, көліктері айыппұл тұрағына жөнелтілді. Бұрын белсенді азаматтар осы мәселені әлеуметтік желілерде жиі көтеріп, арыз-шағым жазып келген еді. Енді қоғамдық бақылаушы ретінде араласа бастағаны қуантады.

Дайрабай Үсіпбаев, «Маңғыстау - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Жолдың сапасы бұзылып, бүлінуі қайдан пайда болады. Осыны анықтау үшін бүгін жолға шықтық. 25 тонна, яғни 10 тоннадан артық жүк алып бара жатқанының куәсі болып тұрмыз. Әрине қыстың кезінде ешнәрсе емес. Күн ыстықта жол жұмсарған кезде мынадай көліктер жүрсе жодың сапасы қайдан болады?! Мемлекеттің, бюджеттің ақшасын тиімді пайдалану дегеніміздің бір шеті осында жатқан болар. Сондықтан осы бағытта біздер мониторинг жұмыстарын жүгізіп отырмыз. 

Айта кетейік, елімізде автомобиль жолдарының бүлінбеуін, нормативтік-техникалық талаптарға сай болуын қадағалайтын мемлекеттік мекеме бар. Ақтаудағы филиал қызметкерлері биыл облыс көлеміндегі трассаларға 340 рет барып, тексеру жүргізген. Жолға төселген материалдың жай-күйін анықтау үшін осыған дейін 1400-дей сынама алынған.  Нәтижесінде оның 500-ге жуығынан әртүрлі ақау табылған.

Сәкен Мұхтаров, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалының зертхана меңгерушісі:

- Сол сынамалардың ішінде 462-сі сапаға сай болмады. Ол дегеніміз, жаңағы 340 рет шыққан кезде 158 дефекті анықталып, олар жол құрылысында жүрген мекемелерге және соларға жауап беретін қызмет орындарына ескертіліп, хат жолданды. Соның есебінен 158 дефектінің 88-і қазіргі таңда толық жөнделді. Қалғандарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Жол сапасын бақылаушылар трассаға барған бойда бірден тексеру жүргізуге  мүмкіндік беретін жылжымалы зертханамен де қамтылған. Олар ендігі тексеріскеа белсенді азаматтарды ертіп жүруді жоспарлап отыр. Осылайша жолдағы мәселені көріп отырған жұртшылық оны шешуге бағытталған жұмыстармен де таныса алады. 

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы