422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда ағылшын тілінің мұғалімі мотомектеп ашты

  • 218
  • UPD: 22:57, 25.10.2020

Қарағандыда ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген мұғалім кәсібін тастап, қалада алғашқы мотомектеп ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

24 жастағы Валерия Руссу енді жастарға мотоцикл тебуді үйретпек. Бұл көлік түріне қызығушылар өте көп дейді ол.

Бұрындары қала көшелерінен байкерлерді сирек кездестіретін болсақ, қазір жұрттың көпшілігі көлігін мотоциклға ауыстырған. Оның басты себебі – кептелісте сағаттап тұрмайсың, кез келген жерге қаңтарып кете бересің дейді жұрт.

Иван Голушко, Теміртау қаласының тұрғыны:

– Көшеде мотоциклмен жүргіміз-ақ келеді. Бірақ техниканың тілін білмедік. Мына мектептің ашылғаны жақсы болды. Бәрін үйретеді.

Тұрғындар тарапынан сұраныс болған соң, Валерия Руссу облыстағы алғашқы мотомектепті ашуға бел буған. Кәсіпкерлік курсын оқып, бизнес жобасымен грант жеңіп алған. Осылайша қайтарымсыз қаржымен жұмысын бастайды. Шәкірттер де тез табылыпты. Бір қызығы, 70 проценті қыз балалар екен.

Мектепте мотоцикл жүргізудің қыр-сырын толық үйретеді. Қандай жылдамдықпен қозғалу керек, қалай бұрылу қажет? Тежегішті басудың да өз тәртібі бар дейді тәжірибелі байкерлер. Мұнда тіпті, техника мен киімді де дұрыс таңдауға кеңес береді.

Валерия Руссу, мотомектеп құрушы:

– Мотоцикл таңдағанда адамның бойы мен салмағын ескеру керек. Мәселен, нәзік қыздарға ауыр, әрі үлкен мотоциклді жүргізу қиынға соғады. Ал керісінше ірі адамдар шағын техникада өзін жайсыз сезінеді. Біз екі аптада барлығын үйретеміз. Бірақ ешқандай сертификат, құжат бермейміз.

Яғни мұнда келетін адамның жүргізуші куәлігі болу керек. Әзірге мотомектеп жылдың тек жылы мезгілдерінде ғана жұмыс жасайды. Валерия келешекте қысқы павильон ашуды да көздеп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы