423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Ақ бұлақ» бағдарламасымен салынған су құбырының қызығын көре алмай отырмыз – кентаулықтар

  • 198
  • UPD: 08:46, 27.10.2020

«2019 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасымен салынған су құбырының қызығын көре алмай отырмыз». Бұл Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Теке ауылы тұрғындарының жанайқайы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауылға таза су жеткізетін нысанның құрылысы әлде қашан біткенімен, жұртшылық әлі күнге дейін ауызсуға жарымай отыр. Көбі үй іргесінен құдық қазып алған. Алайда ондағы су кір жуып, мал суғаруға болмаса, ішуге жарамайтынын айтады.

Үшқайық ауылық округіне қарасты Теке елді мекенінің тұрғыны Озипа Төребаева осыдан екі жыл бұрын ауылға таза ауызсу келетінін естігенде қатты қуанғанын айтады. Алайда қуанышы көпке созылмапты. Өткен жылы берілуі тиіс су әлі күнге жоқ. Ауласынан құдық қазып алған. Бірақ оның суы ішуге жарамайтындықтан тіршілік нәрін тасып ішеді.

Озипа Төребаева, Теке ауылының тұрғыны:

– Су ащы болған соң іше алмай отырмыз. Суды 2-3 үйден тасып ішеміз. Тасып ішкен су шақ келмейді. Амал жоқ, отырмыз. Қашан бізге тұщы су келер екен деп. Оның үстіне бақша ексек, оны да қуратып жібереді. Сөйтіп іше алмай, еге алмай отырмыз. Тек мал ішуге ғана жарайды. Былайша ештеңеге жарамайды. 

Ауыл тұрғындары су жинайтын нысанның құрылысы 2019 жылы аяқталып, Кентау қалалық ТКШ мемлекеттік мекемесі қабылап алғанын айтады. Бірақ белгісіз себептермен әлі күнге дейін іске қосылмапты. Таза ауыз су құбыры тұрып, тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүрміз дейді ашынған жұрт. 

Бақытжан Нышанбаев, Теке ауылының тұрғыны:

– Бірде-бір халық су ішіп жатқан жоқ, пайдаланған жоқ. Қазір қаңырап бос тұр. Құбырларының бәрі шіріп жатыр. Ауылдың 80 пайызының бүйрегі ауырады. Асқазаны құмнан ауырады. Судың рахатын көріп жатқан жоқ мүлдем. Бұл жоқ кезде ескі құбыр болған. Ол суды мамандар құрамында сынап көп, ішуге жарамсыз деген соң осыны салған болатын.

Ауызсудың әлегімен Кентау қалалық әкімдігіне бардық. Ондағылар мәселенің басқада екенін айтып отыр. Ауызсудан кейін Теке ауылына газ құбыры тартылған. Сол мердігер мекеме газ құбырын тарту барысында ауызсу құбырларын бірнеше жерден бүлдіріп кеткен. Соның салдарынан тіршілік нәрі тұрғындарға өз уақытында жетпегенін айтады.

Бақытжан Жүрсінбеков, «Ащысай су» МКК өндірістік техникалық бөлім басшысы:

– Газ құбырын жүргізген мердігерлер анықталып, осы қараша айының соңына дейін қалпына келтіруге ықпал жасаймыз. Қараша айының соңына дейін қайтадан қалпына келтіруге келісілді. Бәрі дұрыс болған жағдайда тез арада қосуға тырысамыз.

Түркістан облысының тұрғындарын таза ауызсумен қамтуға 24 млрд теңге бөлінген. Жергілікті билік биыл жыл соңына дейін 155 ауылды тіршілік нәріне қосамыз деп отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы